{metadescription}
Алматы облысында қоқыс алаңында тұтанған өрт әлі өшпей жатыр
Алматы облысында қоқыс алаңында тұтанған өрт әлі өшпей жатыр

Алматы облысында қоқыс алаңында тұтанған өрт әлі өшпей жатыр

Тіпті, Қарасай ауданы Әйтей ауылының маңындағы төтенше оқиғаны ауыздықтауға арнайы тікұшақ шақырылыпты. Бірақ, сәт сайын күшейген қою түтін маңайдағы жұрттың берекесін қашырып, тынысын тарылтып отыр. Тіпті, түтінге тұншыққан тұрғындар көшіп кеткеннен басқа амал жоқ деп мұң шағады.

Қоқыс алаңын қызғыштай қорыған күзетшілер аумаққа жан баласын жақындататын емес. Алайда, алыстан көрінген түтін сәт сайын күшейіп, елдің зәре-құтын қашыруда. Ресми дерек бойынша, Алматының күллі қалдығы төгілетін мекендегі өрт жайында төтеншеліктерге түнгі 2-де қоңырау түсіпті.  

Түнде басталған өрттің толастамағаны былай тұрсын, қаладан шыққан қалдықтарды тиген көліктер əлі де арнайы аймаққа өтіп, қоқыс төгіп жатыр. Ал, будақтаған қою түтін жақын маңдағы Əйти ауылын тұмшалап, тұрғындардың тынысын тарылтуда.

Жанайка Қасбармақова, Әйти ауылының тұрғыны:

Жаз болса өртенеді. Иісі жаман. Есік-терезені аша алмаймыз.

Райхан Мантикова, Әйти ауылының тұрғыны:

- Азанда тұрсам иісі сұмдық енді. Балам есікті жабыңыз деді. Содан ашпадық. Жалғыз бүгін емес, анда санда түнде де жалыны көрініп жатады.

Төтеншеліктер алғашында 1 гектар аймақты жалмаған тілсіз жауды сумен өшіру мүмкін еместігін айтқан еді. Бірақ, түстен кейін өрт сөндіру көліктері лек-легімен ағылды. Тіпті, арнайы тікұшақ шақырып, ауық-ауық төбеден су шашуға тура келді. Қарасай ауданы әкімдігі өкілдерінің айтуынша, бұл аумақ 2014 жылы «Казвестконвершн» компаниясына 49 жылға жалға беріліпті. Бір қызығы, қоқыс алаңының иелері өрттің кеше тұтанғанын айтады. Бастапқыда өз күшімен сөндіруге тырысқан қызметкерлер шамасы жетпегесін құзырылы мекемеге хабарлапты.

Нұрланбек Иманбеков, «Kaz Weste Conversion» директоры:

- Отызға арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде 10 шақтысы өзіміз. Қалғандары Қарасай ауданы, Алматы облысы, Алматы қаласы келген өрт сөндіру қызметі. Жыл сайын болатын өрт. Бірақ, жыл сайын өшірілуде.

Алайда, бұл өрт бұрынғы өрттен өзгерек секілді. Себебі, жұртты дүрліктірген оқыс жағдайға Төтенше жағдайлар комитеті түсінік беруге мәжбүр болды. Ең қиыны, түтінге тұншыққан тұрғындарды экологиялық ахуал алаңдатып отыр.

Владимир Беккер, ІІМ ТЖК төрағасы:

- Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментіне тапсырма бердім. Сондай-ақ, оқиға орнында Қагидромет пен снаитарлық қызмет өкілдері жүр. Олар ауаның сынамасын алады. Содан кейін анық-қанығына көз жеткіземіз.

Болжам бойынша өрт қоқыстың өздігінен жануынан тұтануы мүмкін. Ал, құзырлы ведомства будақтаған түтінді бүгін-ертең ауыздықтаймыз деп сендірді. Бірақ, жыл сайын қоқыс иісі мен түтіннен зәрезеп болған тұрғындар көшіп кеткеннен басқа амал жоқ дейді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде