Атырау тұрғындары ұрылардың кесірінен үйлеріне кіре алмай отыр
Атырау маңындағы бүтін бір елді мекеннің тұрғындары ұрылардың кесірінен жарыққа зар болып отыр. Зарослый ауылына электр энергиясы тұрғындар көшіп келе бастағаннан-ақ тартылыпты. Бірақ, ауыл халқы үйлерін салып бітіреміз дегенше, мұндағы электр сымдары қолды болған. Қазір тек қираған трансформатор мен кесілген желісі желмен ойнаған электр бағандары қалған. Сол себепті қазір мұнда үйін бітіріп, кіре алмай жүрген тұрғын мен құрылысы тұралап тұрған баспана көп.
Автор: Жанар Низамутдинова
17.05.2019
Ұры-қары енді құрылыс материалдарына да ауыз сала бастапты.
Осындағы 100 шақты отбасының аманатын арқалап шыққан мына топтың айтуынша, олар бастарында үйі бола тұра, қаладан пәтер жалдауға мәжбүр. Өйткені, мұнда инфрақұрылым атымен жоқ. Атқан оқтай түп-түзу болып тартылған электр бағандары мұнда бір кездері өркениет нышандары болғанынан хабар береді. Өкінішке қарай, желілерін әлдекімдер кесіп алып кеткен. Енді қазір халықтың жарықсыз отырған жайы бар.
Айтөре Ғабдолғалым, Зарослый ауылының тұрғыны:
- 2017 жылы үй салып бітіріп қойып едік. Енді көшіп келейік десек жарық жоқ, сондықтан көше алмай отырмыз. Қазір бала-шағаммен пәтер жалдап отырмын. Бір балам мүгедек.
Ал, пәтер жалдауға шамасы келмейтіндер толықтай бітпесе де осындағы баспаналарында тұрып жатыр. Табан ақы, маңдай термен табылған дүниелерінің ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқандығына ашынған халық көмек сұрап жауапты деген біраз орынға барыпты.
Раушангүл Шарғабаева, Зарослый ауылының тұрғыны:
- Біз барлық жерге бардық. Жеке кәсіпкерден тоқ тартып алып едік. Алыс болғандықтан тоқ дұрыс жетпейді. Кешкісін сығырайып қалады.
Атырау қалалық құрылыс бөлімі мамандарының айтуынша, 2012 жылы мердігер мекеме аталған елдімекенге электр желісін түгелдей тартып, оны жергілікті әкімдік қабылдап алған. Бірақ, арада апта өтпей жатып, «Атырау Жарық» мекемесі не себепті екені белгісіз, тоқ беруді тоқтатқан. Іле-шала тонау басталған.
Бауыржан Ихсанов, Атырау қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы:
- Тонайтын ештене қалған жоқ. Қазір мәслихаттан кері қаражат сұратып жатырмыз. Қаражат көзі бөлінгеннен кейін қалпына келтіру жұмыстары іске асырылады.
Әкімдіктегілер әзірше осындай сырғытпа жауаппен құтыла тұрғанымен, олардың құлағына жуықта тыныштық болмайтын секілді. Өйткені, мұнда электр энергиясынан бөлек, су, жол мәселесі де шешілмеген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!