Павлодар облысында вагон зауытының жұмысшылары наразылық білдірді
Павлодар облысында еңбек ақысын ала алмай жүрген вагон зауытының жұмысшылары наразылық білдірді. Олардың айтуынша, кәсіпорынның бес жүз адамға берешегі 90 миллион теңгеден асып жығылады. Екі айдан бері еңбекақы төлеуді қойған зауыт басшылары болса, қарызды маусым айына дейін төлейміз деп ант-су ішуде. Бірақ жұмысы жарты жылдан бері тоқтаған кәсіпорын жұмысшыларының кезекті уәдеге сенгісі жоқ.
Автор: Әйгерім Шакаманова
17.05.2019
Жылына үш мың вагон өндіруге қауқарлы зауыттың қаңырап бос тұрғанына жарты жылдан асып кеткен. Ал үздіксіз жұмыс істеуі тиіс бағалы құрылғыларды шаң басып тұр. Бұған кәсіпорын жұмысының былтыр күзде тоқтауы себеп. Осының кесірінен зауыттың 500 қызметкері жалақсын ала алмай жүр.
Владимир Веселов, Екібастұз қаласының тұрғыны:
- Үйдегі тоңазытқыш қаңырап бос тұр. Коммуналдық қызмет үшін төлемдер, несиемізді төлей алмай жүрміз. Басшыларымыз жалақыларыңды әне-міне береміз деп қоя береді. Бірақ, екі айдан бері ешкімге бір тиын да ұстатқан жоқ.
Үміттенген жұмысшылармен кездесуге келген кәсіпорын басшылары болса, бұл жағдайға вагон құрастыруға қажетті шетелдік бөлшектердің қымбаттағаны себеп дейді. Зауыт өндіріп шығаратын бір вагонының құны 20 миллион теңгені құраса, тапсырыс берушілер оны 15 миллион теңгеге беруді сұрайды екен. Ақыры кәсіпорынның бағадан ұтылып, қарызға белшесінен батты дейді.
Сүйіндік Қуандықов, «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС бас директоры:
- Бұл мәселе Ресейден әкелінетін бөлшектер бағасының шарықтауымен байланысты. Осыған сәйкес біз жасаған вагондар өзіндік құнынан қымбат болып шыға келуде. Қазір зауыт жұмысы тоқтап тұр. Жұмысшыларға маусым айына дейін жалақыларын өтейміз.
Осылай деген кәсіпорын басшылары жұмысшылары алдындағы қарыздарын толық өтеуге сөз беріп отыр. Бұл мәселені екібастұздық шенеуніктер де өз бақылауларында ұстайтындарын айтады. Кезекті рет сөзге сеніп тарқасқан жұрт маңдай тер ақылары төленбеген жағдайда. арыздарын арқалап Астанаға аттанбақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!