Полигондағы бықсыған отты сөндіру үшін топырақ қолданылып жатыр
Алматы іргесіндегі қоқыс полигонындағы өрт толықтай сөнген жоқ. Қызыл жалынды ауыздықтауға қалалық және облыстық төтенше жағдайлар қызметінен 100 адам жұмылдырылған. Мамандар өртті әлі толықтай сөндіруге 2-3 күн қажет деп отыр. Бұл жұмыстар тәулік бойы жалғасады.
Автор: Әсем Қабылбек
17.05.2019
Екі күн бұрын тұтанған қоқыс полигонындағы өртті толық ауыздықтау мүмкін емес. Төтеншеліктер қаладан арнайы көліктермен су тасыса, әуеде тікұшақтар қоқыстың үстіне су тасып, өшіруге тырысуда.
Бүгін таңнан бері Ми-8 және КА-32 тікұшақтарына бір тыным жоқ. Көктегі техника қоқыс полигонының аумағына 146 рет ұшып келіп, 500 тонна су шашқан. Бұл жұмыстар қас-қарайғанша жалғаспақ. Алматы қаласының тұрмыстық қалдықтары төгілетін аумақта кешегідей қою түтін жоқ. Аздап сейілген. Бұл аумақты күзететіндер айналаны қызғыштай қорып, ішке ешкімді өткізбейді. Ал үлкен жарға жылдап төгілген қалдықтар тереңде жатыр. Оларды бірден сөндіру мүмкін емес. Мамандар техниканың көмегімен қоқыстың үстіне топырақ себуде. Бұл зиянды заттардың ауаға таралуын тежейтін әдіс.
Ерлан Әлібеков, Алматы қаласы төтенше жағдайлар қызметі департаменті бастығының орынбасары:
- Жанып жатқан өрттің үстіне топырақ тастау әдісімен өшіріліп жатыр. Қазіргі кезде 1000 куб топырақ себілді. 10 бульдозер жұмыс істеп жатыр.
Алматы іргесіндегі өрт өршіген соң жедел штаб құрылған. Оның құрамында Алматы қаласы мен облысынан түрлі 100 маман мен 65 техника бар. Барлығы қызыл жалынды ауыздықтауға жұмылдырылған. Өрттің шығуына қалдық төгу технологиясының сақталмауы себеп деген болжам бар. Әйтей ауылы тұрғындарының ойынша, бұл елді мекен маңындағы бірінші жайт емес. Мұнда қоқыс жиі өртенеді, жазда қалдықтың жағымсыз иісіне тұншығамыз дейді.
Аида Апарғали, Қарасай ауданы, Әйтей ауылының тұрғыны:
- Бұл ауылға 2016 жылдан көшіп келдік. Бұл ауылда полигон ашық болатын. Уланып қалатындай иіс шығады.
Өрт 1 гектар аумаққа жайылған. Енді соның 0,6 гектарын сөндіру қажет. Төтеншеліктер қызыл жалынды 2-3 күнде толықтай өшіреміз деп отыр. Оған соққан желдің бағыты да әсер етеді екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!