Жүгіремін деп мерт болған көкшетаулық оқушы жарысқа басқа баланың атынан барған
Ақмола облысындағы балалар сауықтыру орталығында оқушы мерт болды. Бурабай ауданындағы әскери-спорттық ойын кезінде 15 жасар Диас Тайжанов, 100 метрлік қашықтыққа жүгіріп өткеннен кейін естен танып құлаған. Ауруханасына жеткізілгенімен, ес жимаған жасөспірімнің жүрегі тоқтап қалыпты. Қайғылы хабарды естіп, дереу жеткен ата-анасы, ауруханада баласының мүлдем басқа оқушының атымен тіркелгенін анықтаған.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
21.05.2019
Міне, мынау естен танып құлағанға дейін 100 метрлік қашықтыққа жүгіріп бара жатқан – Диас Тайжанов. Бар жылдамдығымен жүгіріп, мәреге жетіп жығылған. Сол жерде алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, 30 шақырымдағы Бурабай аудандық ауруханасына жеткізіліпті. Бірақ дәрігерлер баланы құтқарып қала алмады. Ал Диастың жақындары оның өліміне мектеп басшыларын кінәлап отыр.
Сырым Батырханов, Диастың әкесі:
- Жүрегі ауырмайтын. Сараптама қортындысында жазылғандай жүрегіне артық салмақ түсіп кеткен. 1 күн бұрын қалалық жарыста жүгіріп бірінші орын алған.
Мәрияш Анаева, Диастың апасы:
- Біздің баланы бір орыстың фамилиясымен жіберген. Шешесінің сіңлісі ауруханаға іздеп барғанда Тайжанов Диас деген спортшы жоқ депті. Ашып қараса, біздің бала жатыр бетін жауып қойған. Бірақ марқұм боп кеткен.
Орыс фамилия деп тұрғандары – 7 сынып оқушысы. Ол спорттық жарысқа бармайтын болып, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Мұрат Есмағанбетов оның орнына Диасты жазады. Бірақ білім басқармасының бұйрығындағы тізім өзгермеген. Яғни Диастың суретін жапсырып, басқа фамилиямен жібере салыпты. Тіпті жауапты бола тұра сауықтыру орталығындағы спорт шарасына Есмағанбетовтің өзі бармай қалған. Ал директор білмей қалдым дейді.
Бибігүл Хасейінова, Көкшетау қаласындағы №4 орта мектебінің директоры:
- Мен білген жоқпын. Бұйрықта Тайжанов болған жоқ. Ол шараға оның жасы да келмейді. Маған ескертпестен әскери дайындық мұғалімі ауыстырып жіберген. Өзі де бармай қалған. Мен бұның барлығын кейін білдім.
Ештеңеден хабары жоқ мектеп директорына қатаң сөгіс жарияланған. Ал камерадан басын ала қашқан алғашқы әскери даярлық пәнінің мұғалімі бүгін жұмыстан шығарылды. Одан бөлек полиция мұғалімнің мәселесін мемлекеттік қызмет агенттігіне жіберген. Ал баланың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, сот медициналық сараптама тағайындалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!