ШҚО-да тасқыннан қорыққан жұрт жанын шүберекке түйіп отыр
Шығыс Қазақстан жұртын толассыз жауған жауын мен еріген қар суы әбігерге салатын түрі бар. Себебі екі бірдей өзен арнасынан асып, елге қауіп төндіріп тұр. Тасқыннан қорыққан бұқара жанын шүберекке түйіп отыр. Алайда билік өкілдері жағдай бақылауда деп дүрліккен жұртқа басу айтуда.
Автор: Руслан Әбдіхалық
22.05.2019
Шығыс Қазақстанда бір апта бойы толассыз жауын жауды. Оған таудан аққан еріген қар суы қосылып, Тұрғысын өзенін толтырып жіберді. Қазір су рекордтық деңгейге көтеріліп, арнасына сыймай жатыр. Екіпіні қатты өзен суы құрылысы бітпеген су электр стансасын басып қалды. Техникаларды ешкім шығарып үлгермеген, сондықтан бәрі су астында қалды. Ал жұмысшылардың өзі тасқыннан әзер дегенде қашып құтылған. Олардың барлығы дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілді. Төтеншеліктердің мәліметінше зардап шеккендер жоқ.
Ридер қаласындағы саяжай тұрғындарына сақ болуға тура келеді. Себебі мұндағы Кидровка өзені ернеуінен асып, елді мекенді шайып кету қауіпі бар. Қазірдің өзінде 20-ға жуық үйдің ауласына су жайылған. Бірақ төтеншеліктер жағдай бақылауда, жұртқа төнген қауіп жоқ деп сендіреді.
Жадыра Аманғалиқызы, ШҚО ТЖД маманы:
- Жағдай тұрақты, үнемі мониторинг жасалып тұрады. Елді мекендер мен адамдарға еш қауіп жоқ. Күштер мен құралдар шақыртылған жоқ, жағдай қалыпты.
Мамандардың мәліметінше, қос өзен суы сәл төмендеген. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайтын тәрізді. Себебі жаңбыр әлі күнге жауып жатыр. Синоптиктердің болжауынша, жаңбырлы күн апта соңына дейін сақталады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!