«Ретро фм»-де қазақ тілінде жаңа бағдарлама шыға бастады
Сүйінші! Еліміздегі танымал әуе толқындарының бірі «Ретро фм»-де қазақ тілінде жаңа бағдарлама шыға бастады. Онда жүргізушілер пікірталас тудыратын, жасқа да, кәріге де қызықты сан қилы тақырыптарды талқыға салады. «Қалаулы әңгіме» деп аталатын бағдарламаға небәрі бір күнде 40 мыңнан аса тыңдарман қызыға атсалысқан. Аруна Ортай радиодағы әріптестеріміздің жаңа бастамасымен танысып қайтты.
Автор: Аруна Ортай
23.05.2019
- Қайырлы күн, қайырлы күн, достар! Міне, уәде етілген «Қалаулы әңгіме» бағдарламасы басталды дейміз! Тізгінде, мен, қыздарыңыз Альбина Асхатқызы...
Радионы ұйып тыңдайтын қауымның қашанда көңілін аулап, хит әндер жолдайтын Альбина Асхатқызы бұл жолы әңгіменің көрігін қыздырды. Жаңа бағдарламаның басты жүргізушісі «Инстаграмнан» белгілі қыз-жігіттермен бірге екі сағат бойы халықпен тікелей эфирде тілдеседі.
Альбина Асхатқызы, «Қалаулы әңгіме» радиобағдарламасының жүргізушісі:
- Мен өте қуаныштымын! Жалпы бұндай бағдарламалардың көп болғанын қалаймын! Қалайтынмын! Шыны керек, ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, қазірдің өзінде жаңа бастама жақсы бастама деп айтып жатыр. Бір күннің өзінде көрсеткіштер жаман емес дейді.
Ал «Қалаулы әңгіме» радио толқынына шыққан бірінші күні-ақ оған 40 мыңға жуық тыңдарман қызыға қатысқан. Ал онда айтылатын әңгіме жеңіл-желпі емес. Жастардың жайын қозғайтын тақырыптар да бар. Мәселен, жас жұбайлардың көпке ұзамай, ажырасып кетіп жатуына не себеп деген секілді өзекті мәселелер талқыланады. Десе де, арасында қалжыңдасып, тіпті сөзден шатастыратын жайттар да жоқ емес.
Дина Төкенова:
- Сөз шатастырып, сөз таппай қалатын кездер болады. Мен өзім негізі өмірде көп сөйлемейтін адаммын ғой! Бірақ мына жақа келіп, көп сөйлеп кеттім.
Мейірбек Янтай да әдетте аз сөйлеп, көп тыңдайтын жігіттердің бірі. Десе де, радио жүргізушісі болған соң біраз өзгеруіне тура келген.
Мейірбек Янтай:
- Негізінде керек кезде істейді екенсің. Мен ойлап қалғанмын, келіп сөйлей алмай қалатын шығармын деп. Бірақ та керек кезде сөйлейді екенсің! Негізі бағдарламаны бірінші ашқандықтан, қиындау болып жатыр. Бірақ та осындай бізге сенім артқаннан кейін сенімдерін ақтайды деген үміттеміз!
Қызықты әңгіме тыңдап, серігіп, серпілгіңіз келсе, дүйсенбіден жұмаға дейін күндізгі сағат 4-те «Ретро фм»-ді қосыңыз. «Қалаулы әңгіменің» қызықты да өзекті тақырыптарына атсалысып, өз пікіріңізді білдіріңіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!