Италияда жол апатынан зардап шеккен отандастарымызға санавиация жіберілуі мүмкін
Сиена қаласының ауруханасында жатқан екі жерлесіміздің жағдайы ауыр. Жалпы, туристер мінген автобус кеше аударылып, 37 адам зардап шеккен еді. Біреуі қаза тапты. Қазір жол апатын жасағаны үшін автобус жүргізушісі қамауға алынған.
Автор: Досжан Маратұлы
23.05.2019
Жол апаты кеше болған еді. Монтекатини қаласынан Сиенаға шыққан турист толы автобус, діттеген жеріне жетуіне небары 15 шақырым қалғанда жолдан ұшып кетіп, оң бүйіріне аударылып қалған.
Карлос Назарио, куәгер:
- Автобустың артынан сағатына 80 шақырым жылдамдықпен келе жатқан едім. Кенет жүргізуші басқа нәрсеге алаңдап кетсе керек, жол шетіне шығып кетіп, аударылып қалды. Бірден тоқтап, ішіндегі адамдарды шығаруға көмектестік.
Аударылған автобус ішіндегі 55 адамды құтқарушылар бірнеше сағатта зорға алып шықты. Біреуі қаза тапқан. Ол туристерді экскурсияға апара жатқан әйел. 41 жастағы ресейлік гид келіншек, автобустың терезесінен ұшып кетіп, басылып қалған. Ал Армения, Украина, Ресей мен Беларусьтен келген 37 турист түрлі дене жарақатымен шұғыл Сиена қаласының ауруханасына жеткізілді. Оның 9-ы қазақстандықтар. Жетеуінің жарасы жеңіл болып, қонақ үйге жіберілсе, алматылық екі келіншек ауыр жағдайда жатыр.
Айбек Смадиаров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
- Біреуі үш омыртқасы сынған деп жатыр. Екіншісінің үш қабырғасы сынып, түрлі жарақат алған. Кешеден бері біздің консул солардың жанында. Барлық көмекті көрсетіп жатыр.
Айта кетерлігі, алғашында экскурсияға баруға 11 қазақстандық ниет білдірген. Бірақ Тараз бен Леңгірден қыдырып барған екі қыз дәл соңғы сәтте жол апаты боларын сезгендей автобусқа мінбей қойыпты.
Раушан Исаева, турист:
- Құрбыммен киім-кешек алғымыз келді. Сондықтан экскурсияға барған жоқпыз. Сауда жасап жүріп, жол апаты болғанын естідік. Өте өкінішті. Өз-өзімізге әлі келе алмай жүрміз.
Қазір автобус жүргізушісі қамауға алынып, дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сараптама тағайындалып, тергеу жүріп жатыр. Тағы бір айтарлық жайт, 35 жастағы жігіт сол күні автобустың рөліне отырмауы керек болыпты.
- Негізі бүгін менің кезегім. Жұмысқа шыға алмағандықтан әріптесім мені алмастырып, туристерді жолға алып шыққан. Қалайша жол апаты болғанын түсінбей тұрмын. Өте тәжірибелі жүргізуші.
Италияға қыдырып барып оқыс жағдайға тап болған отандастарымыз үш күннен кейін елге қайтулары керек. Өйткені, турларының мерзімі аяқталады. Ал, ауруханада жатқан екі жерлесіміз санавиациямен елге жеткізілуі тиіс. Қайта олардың барлығында медициналық сақтандырулары бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!