Еуразиялық медиа форум: Телеарнадағы жарнаманың дәуірі бітуге жақын ба?
Еуразиялық медиа форумда сарапшылар қызу талқылаған негізгі тақырыптардың бірі - осы. Бұған қатысты көптің пікірі сан алуан. Жалпы елімізде радио, газет немесе телеарна болсын, жарнама нарығына бағытталған инвестицияның көлемі аз. Бұл жан басына шаққанда 3 жарым доллардан айналады екен. Телеарнадан интернетке ойысса да, жарнамадан түсетін табыс неге аз?
24.05.2019
Соңғы жылдары жарнама интернетке ойысты. Алайда телевизия өкілдері біраз кірістен қағылса да, тапсырыс берушілерден сұраныс баршылық екенін айтады. Басты себеп: дәстүрлі журналистикада жарияланатын ақпарат жан-жақты електен өтеді. Яғни сенімді. Сондықтан телеарна - жарнама берушілер үшін ең тартымды медиалық ресурс. Жалпы еліміздегі телеарналардың жылдық кірісі - 65 млн доллар.
Евгения Деонисьева, «КТК» АҚ коммерциялық директоры:
- Бүгінде жарнама нарығындағы телеарналардың үлесі 52 пайызды құрайды. Ал интернет ақпаратты жылдам жеткізудің құралы. Мысалы, көрермен телеарнаның эфирінен шыққан дүниелерді компьютер, планшет не ұялы телефон арқылы интернеттен көре алады.
Миллиондаған аудитория үшін телеарнаның жарнамасы өтімді. Өйткені, халықтың 80 пайызы телеарнаға сенеді. Ал интернет контент көрушілердің санын арттыруға көмектеседі.
Александр Аксютиц, Salem Social Media студиясының жетекшісі:
- Телевизия ақпарат беру тәсілін өзгертуі тиіс. Бұрынғы әдісті онлайнда отыратындар қабылдай алмайды. Осылайша телеөнім арқылы интернетте пайда табуға мүмкіндік бар.
Кирилл Танаев, Заманауи медиа институтының негізін салушы және директоры:
- Танымал брендтер үшін өз өнімін теледидар арқылы сатқан тиімді әрі арзан. Жарнаманы порталға қойса тұтынушыларға кедергі жасап, негатив қалыптасады. Кейбірі бұғаттап та тастайды.
Онлайн жарнаманың аты озды десек те, ақпараттың шынайылығы басты орында. Сарапшылар «Телевизия өлмейді, тек заман талабына сай өзгереді» деген пайым жасайды.
Елена Афанасьева, «Первый канал» креативті жоспарлау дирекциясының директоры /Ресей/:
- Алдыңғы буын әлі де теледидарды үзбей көреді. Интернет телеарнаны толықтай жоя алмайды. Өйткені, сапалы контент ұсынуға қауқарсыз. Оның үстіне интернетте ешкім ақпараттың мазмұнына жауап бермейді.
Наталья Антелава, «Coda Story» онлайн-платформасының бас директоры:
- Мысалы сіз ақпаратты таратқан кезде редакцияның талабын орындайсыз. Блогердің инстаграммда жазғанына сенесіз бе әлде мемлекеттік арнаның таратқан ақпаратына сенесіз бе? Кәсіби тұрғыдан телеарна басымдыққа ие.
Дегенмен, еліміздегі жарнама нарығы айтарлықтай дамымаған. Инвестиция аз. Жан басына шаққанда 1 адамға 3 доллар 51 центтен келеді. Бұл - ТМД елдеріндегі ең төменгі көрсеткіш болып саналады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!