Семейдің шетіндегі тұрғындар жарыққа жарымай отыр
Жаңадан баспана тұрғызған жұрт шамамен он жылдан бері талай табалдырық тоздырдық дейді. Олардың сөзінше, жергілікті билік жарық мәселесін шешуді созбақтатып жіберген екен. Соның салдарынан кейбіреуі әлі күнге дейін құрылысы біткен үйіне қоныстана алмай әлек.
Автор: Ұлан Нұрахмет
24.05.2019
- Оның өзінде екі сағат жағамыз. Кешкі сағат сегізден, онға дейін.
Осылайша, қараша халық тоқ бергіш құрылғымен амалдап отыр. Оның өзі жанармаймен істегендіктен қалтамыз қағылып жатыр, - дейді. Сондықтан көксандықты көрмек түгелі, жаздың жайдарлы күндері азық-түліктерін сақтайтын орын таппай дал. Ал, кейбіреулері қараңғы қапаста қалмау үшін жолдың қарсы бетіндегі көршілеріне жалынады.
Рысбек Молдағалиев, Ақсай кентінің тұрғыны:
- Осы жақта тұрғаныма 13 жыл болды. Жарықсыз отырмыз. Көршіден аламыз. Өшіріп тастайды кейде. Майшаммен отырасың.
Бүгінде жаңадан салынған 50-ге жуық баспананың басым бөлігі қаңырап бос тұр. Себебі, жұрт жағдай болмаған соң пәтер жалдап, кетіп қалған.
Бауыржан Мешімбаев, Ақсай кентінің тұрғыны:
- Дайын тұрған үйіме көшіп, кіре алмай отырмын. Жалғыз мен емес. Қаншама үйлер бос тұр. Олар көшіп келе алмай жатыр. Пәтер жалдап тұрып жатырмыз.
Мұнда электр бағаналары әлдеқашан орнатылыпты. Тіпті, желі де тартылған. Ал, мамандар жарық мәселесінің бұлайша сиырқұйымшақтануын, істі мойнына алған мердігер ұйымның құрдымға кетуімен байланыстырды. Сондықтан, олар өткен жылы бітуі тиіс жұмысты уақытында бітіре алмай қалдық деп ақталуда.
Сәлия Жұмабаева, Семей қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:
- Бүгінгі күні жоспарланған жұмыстар 100 пайыз біткен жоқ. Мердігер ұйым ЖШС «Семейпластком» 90 пайыз ғана аяқтады. Біз оларды сотқа бердік. Сот барысында келісім-шарт бұзылды.
Осы жылдың соңына дейін Ақсай кентін жарықпен қамтамасыз ету үшін байқау жарияланған. Бірақ алғашқысына ешқандай компания қатыспады. 87 млн-нан астам қаржының тапсырысы, екінші мәрте маусым айында өтеді деп жоспарланып отыр. Сондықтан олар жұртты сабыр сақтауға шақыруда. Ал шыдамы шегіне жеткен тұрғындар бұл тендерді де бірінші мекеме секілді құрдымға кеткіш компания жеңіп ала ма деп қауіптенеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!