{metadescription}
Таразда құрылысшылар жеті ай бойы жалақы алмаған
Таразда құрылысшылар жеті ай бойы жалақы алмаған

Таразда құрылысшылар жеті ай бойы жалақы алмаған

Еткен еңбектің ақысын даулаған жұрт облыс әкімдігінің алдына жиналып, наразылық білдірді. Олардың айтуынша, жергілікті билік жұмысқа жегіп, жеме-жемге келгенде жер сипатып кеткен көрінеді. Уәдеге сеніп, күте-күте күдер үзген бұқара осылай жиналуға мәжбүр болыпты.

Бұған дейін бұл аумақтың шаңы шығып қараусыз жатқан. Кейін қарқынды құрылыс жұмыстары басталып, адам танымастай өзгерді. Ал енді арада біраз уақыт өткенде осы «Үш бұлақ» жағажайы төңірегінде қаржылық дау туындап жатыр. Жұмысшылардың айтуынша, олар осы жағажайды түрлендірген, мына алып көпір мен сонау менің ту сыртымдағы бөгетті тұрғызған. Алайда ұзақ уақыттан бері сол еткен еңбектің ақысын ала алмай жүрген көрінеді.  

Құрақ уәде, сылдыр сөзге әбден тойған жұрт жанайқайын облыс басшысына естіртуге келіпті. Ақша талап еткен ашулы топтың айтуынша, жалпы саны 100-ден аса адамның қолына  жеті ай бойы жалақы тимеген.   

- 20 күні қалталарыңда ақша болады деген. Жауапты ешкім жоқ. 96 млн. болса соны аванс есебінде халықты шулатпай бермей ме?

Жұмысшылардың айтуынша, әкімдік  98 млн. теңге берешек. Бірақ жауаптылар есегі судан өткен соң, есеп айырысуды ұмытыпты. Даурыққан жұртқа тапсырыс алушы бас мердігер де еріп жүр. Оның айтуынша, қолға алған жоба құны 400 млн. теңгеден асады. Ал шенеуніктермен тек ауызша келіскен. Енді ағайынгершіліктің соңы айғай болып жатыр. 

Бақытжан Мырзамұратов, «Аль-Аркажан» ЖШС директоры:

- Көпірге 23 миллион дамбыға 64 миллион Және 28 млн. жағалаудан қалып тұр. Жалпы 98 млн. Жұмыс істегеннен кейін енді келісім-шарт та бермей отыр. Кіммен келісімге отырарымызды білмей бас қатып жатыр. Енді алданып қалып отырмыз.

Ал дауға ұласқан жағдайды шенеуніктер басқаша түсіндіреді. Сөздеріне сенсек, мердігерге келісілген сомманың 95 пайызы берілген. Қалған бесеуі құрылыс біткен соң аударылмақ. Ол – 28 млн. теңге. Сондықтан жалақының төленбеуіне қатысымыз жоқ деп ақталды.

Қайсар Сарытай, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:

- Сонда 416 млн. теңге...

- Төленді ол. 2018 жылдың аяғында төленді. Бес пайыз ұсталып қалды, себебі жұмыс толығымен біткен жоқ.

- Төленбей қалғаны 98 млн. боп тұр ғой?

- 98 млн. Оған қарыз емеспіз.

Атқамінерлер айдың соңына дейін қалған ақшаны аударамыз деп сендірді. Ал мердігерге жұмысты кешіктіруіне байланысты айыппұл салынбақ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде