Кәріз құдығына түскен марқұмдардың денесін алып шыққанда ешқайсысында бетперде болмаған
Онда жұмыс істеген бригаданың бұл аумаққа не үшін жіберілгені мәлім болды. Сондай-ақ, олардың барлығында газдан қорғайтын жабдықтар болған десе де марқұмдардың денесін алып шыққанда бірде біреуінде бетперде жоғы анықталған.
Автор: Ербол Тұрымбет
24.05.2019
Қайғы жамылған марқұмдардың туыстары таңертеңнен мәйітхананың алдынан кетер емес. Ал кәріз құдығының басында бүгін қыбыр еткен жан көрінбейді. Полиция жан-жағын қоршап, күзет қойған. Осы жерде көз жұмған бригадир Алмат Әбдірахмановтың жұбайы күйеуінің ол жерге не үшін барғанын білмейді. Өйткені бұл аумақ оның қарамағына кірмейді екен.
Әлия Әбдірахманова, марқұм А. Әбдірахмановтың әйелі:
- Олар ол жерде болмауы керек еді. Не үшін барғандарын білмеймін. Менің күйеуімнің қарамағындағы стансалардың бәрінде жағдай дұрыс болған. Кейде өздері келісіп немесе бастықтарының айтуымен қосымша ақша табатын. Сол үшін олардың аумағына кірмейтін жерлердегі стансаларға да баратын.
Істен шыққан, пайдаланылмайтын кәріз құдығы «Астана су арнасы» мекемесінің тізімінде тұр. Қазақстан футбол федерациясының өтінішімен оны алып тастау үшін бригада жіберіліп, бірнеше күннен бері бұзып жатыр екен. Оны мекеме басшылары айтты. Ереже бойынша ішінде газ жоқ екеніне көз жеткізу керек болған.
Абылай Елжасов, «Астана су арнасы» МКК директорының бірінші орынбасары:
- Ішінде газ жоқ екеніне көз жеткізбейінше ішіне түсуге болмайды. Жұмыс тәртібі бойынша әуелі ішіне желдеткіш түсірілген. Ол жұмыс істеп тұрған. Жұмысшыларда қажетті респераторлары мен тыныс жолдарын газдан қорғайтын бетпердесі де болған.
Осы жағдайдан аман қалған екеудің бірі 1998 жылдың тумасы газға уланып, ауруханаға түскен еді. Оны қаза тапқандардың бірі құдықтан ары итеріп жіберіпті. Автокран жүргізушісі, 1967 жылғы Амангелді Жаркеев осылайша жас жігітті аман сақтап қалу үшін өз өмірін қиған.
Қайғылы жағдай болған кәріз құдығының басы қазір жайрап жатыр. Мына жатқан темір құбырлардың бәрі осының ішінен шыққан. Қазіргі уақытта мұндағы жұмыстардың барлығы тоқтатылған. Төтенше жағдай мамандары апаттың себебіне қатысты алдын ала болжамдарын айтып жатыр. Дегенмен де бір сұрақтың басы ашық қалып тұр. Жұмысшылар қауіпсіздік ережелерін неге толық сақтамаған?
Өйткені, құдық ішінен төрт адамның денесін алып шыққанда газдан қорғайтын бетперде бірде-біреуінде болмапты. Сондықтан айтылған қауіпсіздік заттарының оларда болған-болмағаны да күмәнге айналып тұр. Қалған жайттардың бәрін енді тергеу айнықтайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!