Дертін жеңген жеткіншектер сахнада өнер көрсетті
Алматыда «Дегдар» гуманитарлық қорының қолдауымен онкологиялық ауруға шалдыққан балаларға көмек көрсету мақсатында «Музыканың арғы жағы» атты қойылымы көрсетілді. Ауруын жеңген балалар әлі де болса күресіп жүрген жандарға жігер сыйлау үшін сахнада барын салды. Тіпті, «Голос. Дети» жобасының жеңімпазы Данэлия Төлешова да ауқымды жобаға өз үлесін қосуға тырысты.
Автор: Бауыржан Жақсымбет
27.05.2019
Ұзақ оңалтудан сәтті өткен жас өнерпаздардың сахнада жүргендеріне үш жылдан асыпты. Осы уақытқа дейін дертімен күресіп келе жатқан жандарға қуаныш сыйлап, өмірге деген құлшынысын арттыруға көмектескісі келген балақайлар бұл жолы да бағыттарынан таймады. Тіпті, қайырымдылық шараларына бірнеше рет қатысқан Данэлия Төлешова да алғаш рет актерлік шеберлігін көрсетуге тырысты.
Данэлия Төлешова, «Голос. Дети» шоуының жеңімпазы:
- Мен өзімнің вокалдық, мансаптық еңбек жолымда бірнеше рет қайырымдылық концерттеріне қатыстым. Алайда балалармен бір сахнада өнер көрсетуім алғаш рет. Сондықтан, олардың сенімдерінен шығу үшін біраз толқыдым. Бұлардың барлығы өте талантты.
Сонымен қатар, актерлар әлі де болса оңалтудан өтіп жатқан залдағы көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлау үшін сахнада барын салды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай ауқымды шаралар кішкентай науқастардың оңалуына үлкен септігін тигізеді екен. Мұнда сыйлық та таратылды.
Жанат Сексенбаев, «Дегдар» гуманитарлық қайырымдылық қорының үйлестірушісі:
- Дегдар» гуманитарлық қоры бірнеше жылдан бері Арт-терапия жобасын қолдауға тырысып келеді. Біз әрқашанда серіктестік танытып, сыйлық бергенімізге қуаныштымыз. Себебі, біздің әріптестеріміздің жасап жатқан жұмыстары өте құнды.
Бұдан бөлек, ұйымдастырушылар қойылымда пайдаланған балақайлардың суреттерін кіре-беріске орналастырып, арнайы тігілген орамалдарды көрермендердің сатып алуына шығарған. Ал, барлық түскен қаражат онкология және гемотологиямен ауыратын науқас балалардың еміне жұмсалатын болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!