Елімізде батутты бизнеске айналдырғандарға қатысты талап күшейтілгелі жатыр
Осы Қарағандыдағы қайғылы оқиғадан соң, елімізде батутты бизнеске айналдырғандарға қатысты талап күшейтілгелі жатыр. Жаңа ереже шілде айынан бастап күшіне енуі тиіс. Сонымен, талап қандай болмақ? Бұл шара кішкентай ұл-қыздардың қауіпсіздігін арттыра ала ма?
Автор: Досжан Маратұлы
27.05.2019
Күн жылыса болды, адам көп жүретін жерлер мен саябақтарға мынадай батуттар қаптап кетеді. Бірақ арагідік жүргізілетін рейдтен бөлек, олардың жұмысын қадағалап жатқан ешкім жоқ. Сондықтан, бұдан былай, батуттарға қатысты талап күшейтілмек. Әзірге ол құжат жүзінде ғана.
Руслан Иманқұлов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің кеңесшісі:
- Қауіпсіздікті арттыруға арналған жаңа ережелердің жобасы дайындалды. Ол шілде айынан бастап күшіне енеді. Онда аттракциондардың техникалық талаптары, қызметкерлердің міндеттері барлығы қамтылған.
Яғни енді жол бойында және электр сымдарының астына батут қоюға болмайды. Әрі олар күн сайын жуылуы тиіс әрі қолдану мерзімі 2 жылдан аспауы керек. Сондай-ақ, жылдамдығы секундына 10 метрден асатын жел тұрса, батуттар дереу жұмысын тоқтатуы қажет. Бірақ балалардың құқығын қорғау жөніндегі омбудсмен бұл талаптардың орындала қоятынына күмәнмен қарайды. Сондықтан бас пайдасын ойлап, ұл-қыздардың өмірін қауіпке тіккендерді аямау керек дейді мамандар.
Сәуле Айтпаева, Балалар құқығын қорғау жөніндегі уәкіл:
- Парктің әкімшісі немесе қауіпсіздік инженері батуттың техникалық жағдайын журналға жазып отыруы тиіс. Осындай ереже болуы керек. Ол ереже Қарағандыдағы саябақта болмаған.
Бірақ қазір сауда орталығы немесе саябақ басшылығымен келісімге отырған кәсіпкер батутын үріп ақша таба береді. Оларды тексеруге 3 жылға мораторий жарияланған. Осыны тиімді пайдаланған пысықайлар қауіпсіздікке аса басын қатырмайды. Мәселен, Елордада да былтыр күшті жел сауда үйінің жанындағы батутты көтеріп, үстінде ойнап жүрген кішкентай 5 бала түрлі дене жарақатын алған еді. Бірақ, ата-аналары кәсіпкерге кешірім беріп, іс жылы жабылған болатын. Екі күн бұрын Жаңаөзенде де дауыл батутты ұшырып жіберді. Қайта ол кезде ешкім зардап шеккен жоқ.
Қарағандыдағы сұмдық оқиғадан соң бас қаладағы ойын алаңқайларында тексеріс жүргізіліп жатыр. Әзірге 11 батут уақытша жұмысын тоқтатқан. Сондай-ақ, бұдан былай ойын-сауық орталықтарының аумағына да батут қоюға тыйым салынды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!