ШҚО-да жер дауы ушығып тұр
Көктүбек ауылының тұрғындары төрт түлігіне жайылым таппай қиналып қалған. Олар бұған жергілікті шенеуніктерді кінәлап отыр. Жұрттың айтуынша, маңайдағы шұрайлы аумақтарды әкім-қаралар оңды-солды үлестіріп жіберген көрінеді. Соның кесірінен мал ауыл арасынан сыртқа аттап баса алмауда.
Автор: Ұлан Нұрахмет
29.05.2019
100- ге жуық шаңырағы бар Көктүбек ауылы тұрғындарының күнкөрісі – төсінде мұнарлаған төрт-түлігі. Әйтседе, жұрт оны қолда ұстау қиындап кеткендіктен, малдан да айырылып қаламыз ба деген үрей құшағында. Айтуларынша, аудандық атқамінерлер елді-мекен төңірегін жеке шаруа қожалықтарының игілігіне беріп тастаған. Соның салдарынан, жайылым тарылып, мал бағатын жер қалмапты.
Бұған дейін ауыл маңайында мал бағатын да, шабындық жер де жеткілікті болған. Бірақ ол жерлер қазір жеке меншікке өтіп кетті. Енді қожайыны ол жермен мал түгіл адамды да жүргізбейтін болыпты. Ал ірі қара жеріне түссе, мал иесіне бірден айыппұл салынатын көрінеді.
Ерзат Шоланов, Көктүбек ауылының тұрғыны:
- Қаншама кісілер куә. Айыппұл төлеп отыр. Бір басқа 25 мың теңге. Оған баласына тамақ әпере ме, ақша төлей ме? Жұмыс жоқ. Малдан басқа кіріс жоқ. Жерден алтын мен көмір шығып жатқан жоқ қой.
Осылайша, айыппұл арқалаудан қорыққан кейбіреуі қолындағы сиырын жайлауға қосып жіберуге мәжбүр. Себебі, екінші мәрте салынған айыппұлдың көлемі тым жоғары. Ол, шамамен 50 мың теңге. Ал әкімдіктің халыққа берген жайылымы өзеннің арғы бетінде орналасқан. Бірақ мал суды кешіп өте алмайды. Оның үстіне ол шөбі жоқ тастақ жер.
Ерсұлтан Алғалиев, Көктүбек ауылының тұрғыны:
- Судың арнасы 50 метр. Бәрін тоғытамыз. Әлдісі шығады. Әлсізі кетеді. Құмға батады.
Ал ауыл іргесіндегі шұрайлы жердің иесі үй тұрғызып, күзет қойған. Жеріне түскен малды, ол бірден қораға тоғытып, айыппұл төленгенше қамап ұстайды дейді жұрт. Әйтсе де, түсірілім тобы келген күні қамалған малдарды бірден шығарып жіберуге бұйрық беріпті-мыс. Сондықтан жұрт оның бұрынғы жайылым аумағын заңды жолмен алғанына күмәнданады. Алайда қожалық иесінің қолында 370 гектар жерге жасалған құжаты толық. Тіпті жерге көпжылдық шөпте егіп тастаған.
Дастан Рахымбаев, шаруа қожалығының иесі:
- 49 жылға жалға алғаннан кейін, бұны пайдалануға және қоруға міндеттіміз. Өз заңдылығы солай көрсетілген. Сол бойынша, біз жұмыс істеп жатырмыз.
Тарбағатай ауданының атқамінерлері болса, жұртты жайылымсыз қалдырған жоқпыз деп ақталады. Яғни өзеннің қарсы бетіндегі 3500 гектармен қатар, дәл осы шұрайлы жерден мал өрісіне 150 гектар телім қалдырыпты. Тіпті жер бөлімінің басшысы сызылған картаны көрсетіп әлекке түсті. Ал жұрт осы 150 гектардың аяқ астынан қайдан пайда болғанын түсінбей дал. Осыдан соң әкім-қаралар өздері барып көрсетіп беруге уәде етті. Әйтсе де, тұрғындар жалға берілген жерді сот арқылы қайтарып алуға бекінген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!