{metadescription}
Оралдықтар ауыз су үшін бір-бірімен  төбелесе жаздады
Оралдықтар ауыз су үшін бір-бірімен  төбелесе жаздады

Оралдықтар ауыз су үшін бір-бірімен төбелесе жаздады

Тіршілік нәрі үшін талас! Оралда тұрғындардың тасып әкелінетін суға күні қарап қалды. Олар соған ұзын-сонар кезекке тұруға мәжбүр. Ал бұл жағдайға магистралдық кәріз құбырының жарылуы себеп. Апат салдарынан бақандай 60 мың абонент тіршілік нәрінен ажыратылған.

Көршілердің сыйластығы су таситын көліктің жанына жеткенде таусылды. Кезекке таласқандар бірін-бірі жұлып жеуге дейін бар.

Ирина Слюсарь:

- Суды алып келгенін көріп, мына түріммен үйден жетіп шықтым. Себебі су алып үлгермей қалам. Адам деген көп. 

Ұзын-сонар кезекте мұғалімдерге дейін тұр. Бірақ суды үйлеріне емес, мектепке қарай тасыған оларды тұрғындар жақтырмай, ақыры кезектен қуып шықты. Тұрғындар ауыз судың ажыратылатыны туралы алдын-ала ескертілмегенін айтады. Соның салдарынан ешқайсысы да қамданып үлгермепті. Сондықтан кешелі бері дүйім жұрт дұрыстап ас-суын іше алмай, тіпті жуына да алмай жүр. Қырсыққанда дүкендерде сатылатын су да таусылып, тұрғындар түс ауғанша су таситын көлікті тосып отырған.       

Ақжеміс Жәділова:

- Кеше саяжайдан келдім. Содан бері жуынған да жоқпын. Таңертеңнен бері су іздеп жүрмін! Мынау деген масқара! Соғыс уақытында бұндай болмаған шығар.

Ал бүтін бір қаланың ауыз сусыз қалуына магистралдық кәріз құбырындағы жарылыс себеп. Жергілікті төтенше жағдайлар қызметі апатқа жекеменшік компаниялардың бірін кінәлаған. Журналистердің айтуынша, ә дегенде таратылған ресми ақпаратта қазу жұмыстары кезінде қателік жіберілген делініпті. Алайда ол мәліметті көп ұзамай өздері өшіріп тастап, енді апаттың себебі белгісіз деп отыр.          

Сергей Доля, Орал қаласы әкімінің орынбасары:

- Шамамен 60 мыңға жуық отбасы сусыз отыр. Оларға қолдан келгенше су жеткізіп беріп жатырмыз. Қазір жарылған құбырды жөндеуіміз керек. Апатқа не себеп болғанын әзірге білмей отырмыз.   

Ал жарылған құбырдан шайынды су әлі де ағып, маңайды ластап жатыр. Жергілікті шенеуніктер оны 2-3 күнде жөндеп, ауыз суды қосуға уәде берген. Айта кету керек, дәл осы құбыр былтыр да оралдықтарды бақандай бір апта бойы ауыз сусыз қалдырып, титықтатқан болатын. Енді оны жөндеуге 3 миллиард теңге қаржы бөлінетін болды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде