Көлге браконьер жіберіп, ау салғызған кім? Көкшетаудың табиғи паркінен дау шықты
«Көкшетау» мемлекеттік Ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері мекеменің бас директорына қарсы шықты. 640 мың гектар алқаптағы нулы орман мен өзен суларын сақтап, жан-жануарларды өсірумен айналысудың орнына, Медеу Ражанов керісінше парк жұмысын құлдыратып отыр дейді олар. Қит етсе, қорқытып-үркітетін көрінеді.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
31.05.2019
Бас директорының әрекетіне наразы топтың ішінде оның орынбасары да, бөлім басшылары да бар. Небәрі 1 жылдың ішінде жаңа басшының тым қатты болып кеткені оларға ұнамай қалған. Қарамағындағылар қол қойғызу үшін директордың кабинетіне кіре алмай жүргенде, биыл көлге тұқы, шортан, алабұға шабақтарын жіберу уақытын да өткізіп алған. Жоспарлы түрде табиғи нысандарға рейд жүргізу ісі де қиындап кетіпті.
Валерий Егоров, «Көкшетау» МҰТП РММ бөлім басшысы:
- Бізде заңсыздық жайлады. Ол үшін бәріміз парақормыз. Ар-намысымызға тиеді. Қысымға шыдамай еріксіз жұмыстан кетеді деп ойлайды. Біз бәріміз осы салада бірнеше жыл жұмыс істейміз. Қайда барамыз? Жоғарыда «қамқоршысы» бары анық. Өйткені бірнеше тексеріс өтті ол таза болып шығады.
Бас директордан қысым көрдік деген қызметкерлер құзырлы орындардың барлығына шағым жазған. Арнайы қызметтен де, прокуратурадан да тексеруге адамдар келіпті.
Прокуратура 10 айда басшының көлігі 36 рет жеке басының шаруасымен Елордаға қатынағанын анықтаған. Сондай-ақ, мемлекеттік мекеменің гаражынан ет толы мұздатқыш та тауыпты. Бір қызығы, көлік жүргізушісі осының бәрін өз мойнына алған. Содан кейін бас директордан басқаның барлығына сөгіс жарияланды.
Табиғи парктегі 317 қызметкердің ішінде басшының қолдауына ие болғандар да бар. Мәселен, «Шалқар» орманшылығының инспекторлары көлге браконьер жіберіп, ау салғызған. Оны өздері ұялы телефондарына түсіріп алыпты-мыс. Бірақ бұның бәрін директор жоққа шығарады.
Медеу Ражанов, «Көкшетау» МҰТП РММ бас директоры:
- Ешқандай қысым жоқ. Қысым болса, бас маманның орынбасары жаңа көлік алды. Әрқайсысы өз жұмыстарын істеп жатыр. Екі көлік емес. Оған бұйрық бар, қағаз жүзінде де бар. Оны мамандар мініп жүр. Келіспеген мәселе жоқ. Әр маманның өзінің қызметтік міндеті бар. Сол міндетті орындау керек.
Қазір мамандар тек тиісті міндетті емес, қызметтік хат, шағым, түсініктеме жазумен ғана айналысамыз дейді. Олар әділдік орнамаса, алған бетімізден қайтпай, одан әрі шағымданатынын айтып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!