Жазықсыз атылғандардың ұрпақтары ата-бабаларының жатқан жерін таба алмай жүр
Бүгін – елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Осыған орай өткенді ел болып еске алып, аза тұтты. Жазықсыз атылған, асылған ата-бабаларына тағзым жасаған ұрпақтары оларға арналған ескерткіштердің алдында тізе бүгіп, әруақтарға құран бағыштады. Кей деректерде күллі ұлт үшін қасіретке айналған Сталиндік зұлмат кезінде қазақ жерінде 25 мыңнан астам адамның атылып, жалпы 100 мыңнан астамының қуғын-сүргінге ұшырағаны айтылады....
Автор: Аруна Ортай
31.05.2019
генмен, қызыл террорға ұшырағандардың саны туралы осы күнге дейін нақты мәлімет жоқ.
Болатбек Тәжімбеттің туып-өскен жері Арал, десе де Ақтөбенің Түйетөбесі де оған туған жеріндей ыстық. Өйткені атасының бейіті осы жерде. Кезінде Сталин режимінің шолақ белсенділері бабасын тергеуге осында әкетіп, ақыр соңында атып, шұңқырға көме салған. Оның өзін ұрпағы тоқсаныншы жылдары бір-ақ біліпті.
Болатбек Тәжімбет, Арал қаласының тұрғыны:
- 1937 жылы Арал ауданы Ақтөбеге қараған екен. Сөйтіп, біз осы жақтан дерегін тауып алдық. Оның Түйетөбенің етегінде жерленгенін таптық. Қай жерде жатқанын білмейміз. Осы жобамен құран бағыштап кетеміз жылда.
Желге еркелеген жасыл шүйгіннің қойнауы қан екенін ешкім білмес те еді. Әр шұңқырда шашылған жүздеген адамның сүйегін мал бағып жүрген малшы байқаусызда көріп қалып, хабар берген. Содан ұрпақтары Түйетөбеге тас орнатып, сонау сыр бойынан келіп, жылда осы уақытта құран оқып, дұға бағыштайды. Күңіренген қобыздың үні Қарағандыдан да естілді бүгін. Мұндағы Спасск мемориалының өзі тарихымен түршіктіреді. Өйткені осында кірген адам тірі шықпаған Қарлагтың 5 мыңнан астам тұтқыны жерленген. Негізі тұтқындардың жалпы саны 70 мыңнан асып жығылады. Көбі өзге ұлттан. Бірақ олар туралы мәлімет там-тұм ғана. Десе де, тарихты ұмытпаған ұрпақтары шетелден келіп, рухтарына тағзым етті.
Қуғын-сүргін мен ашаршылықтың артта қалғанына ғасырға жуық уақыт өтсе де, әрине, жарасы жазылмаған. Әділбек Сұлтанов сол жылдары анасының шаранасында болған. Десе де, балалық шағының естелігі есіне түскен ақсақалдың жанарына жас ұялады.
Әділбек Сұлтанов, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Менің анамды балалар үйіне өткізетін болған соң әкесінің інісі қарамағына алады. Оларды ұмытуға болмайды.
Себебі, саяси қуғын сүргін-құрбандары ғана емес, ұрпақтары да зардабын тартқан. «Халық жауының баласы» атанған оларды қоғам қудалап, көбі жер аударуға мәжбүр болған.
Назымхан Асанова, Атырау қаласының тұрғыны:
- Әлде де әкемнің жатқан жерін көрсем, бір уыс топырақ салсам деймін өле-өлгенімше.
Ал талайының ұрпағы ата-бабаларының жатқан жерін табуға зар. Бір уыс топырақ салсам деген арманды талай қазақ арқалап жүр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!