{metadescription}
Шымкентте грант бөлудің соңы үлкен жанжалға ұласты
Шымкентте грант бөлудің соңы үлкен жанжалға ұласты

Шымкентте грант бөлудің соңы үлкен жанжалға ұласты

Шымкентте мүгедек балалар шенеуніктердің шешімі салдарынан арнайы орта білім алу мүмкіндігінен айырылуы ықтимал. Түркістан облыстық білім басқармасындағылар құлағы нашар еститін балаларға арналған интернат түлектері атынан арыз жазып, мүгедектерге арналмаған кәдімгі колледжге грант бөліп жіберген дейді ата-аналар. Енді бұларға соның зардабы тигелі тұр.

Осыған наразы арнайы мектеп-интернаттың түлектері мен ата-аналар жиналып, білім грантын инклюзивті кабинеттері бар колледжге бөлуін талап етті.

Мылқау, құлағы естімейтін бұл балалар биыл ғана Леңгірдегі арнайы мектеп-интернатты тәмәмдап, оқуын Шымкенттегі 5-ші колледжде жалғастыруы тиіс еді. Ата-аналар ол үшін былтырдан бері колледждің өзі мен облыстық білім басқармасына бірнеше арыз жазған. Бірақ мамыр айының аяғында грант Түркістандағы мүгедектерге жағдай жасалмаған өзге оқу орнына бөлінгенін бір-ақ біліпті.

Жанар Сманова, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Мамандар жоқ. 5 колледжге балалар барады деп жазған себебіміз 5 колледжде сурдолог, логопед  дефектолог бар.  

Ата-аналар өздерінің атынан арыз жазылып, гранттың басқа жаққа бөлінгенін біле сала, Түркістан облыстық білім басқармасына барған. Алайда педагог-шенеуніктер «грант ұнамаса, балаларыңды ақылы түрде оқытыңдар» деп шығарып салды дейді. Ал бөлім басшысы Рахия Асанова тігіншілікке 21 грант бөлінгенін айтады. Бірақ мүгедек балалар мен ата-аналары оған мұрын шүйіре қарап отырған көрінеді.

Рахия Асанова, Түркістан облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

- Базасы өте жақсы. 5-ші колледжден ешқандай кемдігі жоқ. Жұмыс жүріп жатыр. Түркістанға келмейміз шіріп кеткен дейді. Әкімнен бастап осы жерде тұрып жатырмыз. 

Ата-аналардың арызын ескермеуін облыс шенеуніктерінің немқұрайдылығы деген шымкенттік білім басқармасындағылар, енді бөлініп қойған грантты қайта жасақтау керектігін айтады. Әкімдік алдына жиналғандарды «балалар қыркүйекте қалаған оқу ордасына барады» деп сендірді.

Айгүл Текебаева, Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Бұл енді кішкене уақыт алады. Дегенмен, қыркүйекте балалардың барлығы өзінің таңдаған 5-колледжінде грант негізінде білім алады. Жалпы бас-аяғы 50 баланы грантпен қамтуға жағдай жасаймыз.

Есту қабілеті нашар, сөйлей алмайтын балалар мен ата-аналар бұл жолы да шенеуніктердің уәдесіне сеніп тарқасты. Енді уағда бойынша олар Түркістанда емес, Шымкентте оқуы тиіс. Ата-аналар өтінішін назарға алмай, өзімбілемдікке салынған облыстық білім басқармасы да жұмыссыз қалмайды. Енді олардың алдында мүгедектер бас тартқан 21 гранттың ақшасын бюджетке кері қайтару мәселесі тұр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде