Алматыда жұмыссыз қалған гүл сатушылар наразылық білдірді
Гүл сатушылардың жанайқайы! Алматыда бір топ саудагер 2 жыл бұрын алынып тасталған павильондарын қайтаруды сұрады. Олардың сауда орны 2017 жылы қала көркіне сай келмегендіктен бұзылған екен. Азын-аулақ кәсібінен нәпақасын айырып келгендер қазір соның кесірінен жұмыссыз отыр. Ал әкімдік өкілдері қалада гүл саудасының заң аясында реттеліп жатқанын айтады.
04.06.2019
Бұл - бір кездері алып шаһарда гүл сатып табыс тапқан кәсіпкерлер. Бірақ олар қазір бұл іспен айналысып жатқан жоқ. Өйткені қаладағы сауда орындарын қысқарту кезінде бұлардың да гүл дүкендері қиратылған.
Эльмира Ұшырова:
- Бізге бұл кәсіп ата-анамыздан қалған. Гүл сатумен 76-шы жылдан бері айналысып келеміз. 2017 жылдан бері гүл дүкендеріміз сүрүліп, бүгінде жұмыссыз қалдық. Мемлекет бізге тегін үй берсін деп отырғанымыз жоқ. Біз өз-өзімізді асырап жүрген адамбыз. Есесіне халыққа да пайдамыз тиеді.
Наразы топ өздерінің бұған дейін заң жүзінде жұмыс істегенін айтады. Тіпті қаладағы түрлі мерекелік іс-шараны гүлмен осы дүкендер қамтамасыз еткен көрінеді. Кәсіпкерлер дүкендерінің сүрілетіні туралы шешімді әкімдіктегілер тек ауызша хабарлағанын айтады. Кейіннен жаңа орын сұрап қақпаған есігіміз, бармаған жеріміз қалмады дейді.
Гүл сатушылардың құтты орнынан айырылғанына 2 жыл уақыт болған. Павильондары бұзылғаннан кейін оларға осы қоқыстың қасы мен пәтерлердің маңы бұйырыпты. Тіпті тұрғындардан рұқсатты өздері сұраған. Сондай-ақ гүл сатушылар мұндай орында саудалары онша жүрмейтінін айтады.
Бұлар қазір ол жерлерден де кеткен. Ал сауда орталықтарында гүл сатуға қолайлы емес дейді жиналғандар. Өйткені онда жалға алу ақысы тым қымбат, екіншіден тұрғындар кешеннің ішіне кіріп жүрмейді. Ал көше бойында орналасқан дүкен әлдеқайда тиімді.
Чинара Лазгиева:
- Мен флорист мамандығын оқығанмын. Осы гүл саласынан басқа жұмыс қолымнан келмейді. Қазір жұмыссыз отырмын. Басқалар да бүкіл өмірін осы гүлмен байланыстырады. Оларға да жұмыс жоқ.
Бүгінде Алматы көшелерінің бойында фаст-фуд сататын дүңгіршектер қайта пайда болған. Олармен салыстырғанда гүл дүкені едәуір таза, әрі санитарлық талапқа сай дейді саудагерлер. Ал аудан атқамінерлері кезінде олардың заңсыз жұмыс істегенін айтуда. Енді жағдайды жайлап реттейміз дейді басшылар.
Бекқали Торғаев, Алмалы ауданының әкімі:
- Қазір олар арыздарын қалдырады. Біз оларды жеке-жеке қарастырамыз. Қандай қай сауда түрімен айналысатынын біліп алғаннан кейін сауда орындарымен жұмыс істеп, соларға ұсыныс береміз.
Осылайша кәсіптерін қайтара алмай жүргендердің мәселесін шешуге әлі де біраз уақыт керек сияқты. Ал наразы топ басқа да құзырлы орындарға шағымданбақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!