Алматыда медициналық орталық тұрғындарды сан соқтырып кетті
Адам ағзасын толықтай тексеріп, кінәратты анықтаған соң қарызға емделуге ұсыныс жасаған. Жұртты ем-дом ақысын банк арқылы несие рәсімдеп, бөліп төлеуге көндірген. Алайда дені емделіп үлгермеген.
Автор: Әсем Қабылбек
04.06.2019
Қаланың қақ ортасындағы медициналық орталықта емделеміз деп алданған жұрт қаржысын кімнен дауларын білмейді. Ең сорақысы серіктестік ақшасы жоқ жұртты банк арқылы бөліп төлеуге келістіріп несие рәсімдеткен. Әр адамның мойнындағы берешегі 250-300 мың теңгеден кем емес.
Алмаз Ақылбеков, Алматы қаласының тұрғыны:
- Денеңізде жара бар бәрін емдейміз деді. Емге келсем мына жерде шу шығып жатыр. Бәрі айқайлап жатыр. Құрылтайшылар қашып кеткен. Дәрігерлерге төлемеген екен.
Сәуле Қалдыбаева қазір денсаулығына байланысты жұмыссыз. «Тегін тексереміз» деген сөздің жетегіне ергендердің бірі. Отбасының жалғыз табысы - күйеуінің жалақысы. Мұндағылар Сәуленің қарсылығына қарамастан емнің ақшасын банк арқылы төлеуге көндірген.
Сәуле Қалдыбаева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Келісім-шарт жасайық емделесіз деді. Сөйтіп диагностикадан өткізді. Омыртқаңыз, жамбасыңыз қисайған деген диагноз қойып берді.
Бірлі-жарым кісі емделіп үлгерген. Көбіне буыны сырқырайтын зейнеткерлер арбауына түскен. Оларға «асқазан мен басыңыз ауырады», «жүрегіңіз әлсіз» деп емделетін ақшаны жарты миллион теңгеге жеткізген. Медициналық мекеменің дәрігерлері де аң-таң. Айтуларынша, уәде еткен жалақы жоқ. Келісім-шартты қолдарына мүлдем бермеген. Көз жанары нашар көретін массажист Елдәулет Байбақ тәулік бой бел жазбадық дейді.
Ердәулет Байбақ, массажист:
- Күніне 16 адамға дейін қабылдадық. Одан да көп. Негізінде массажистер 16 адам қабылдамайды күніне.
Жарнамасы жер жарған мекеменің басшысы жұрттың ақшасын қалтаға басып қашқан. Құрылтайшысы Ресей азаматы көрінеді. Тұрғындарды алдап, қарыз арқалатқандарға қатысты істі полиция қолға алды.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:
- Қазіргі таңда бұл деректер бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша қылмыстық із қозғалып, тиісті процессуалды тексеріс жүргізілетін болады.
Банк алдындағы қарызды кім өтемек? Басы ашық сұрақ сол күйі тұр. Медициналық мекемемен серіктестік орнатқан банк жауапкершілікті мойнына алғысы жоқ. Келісім-шарттың күшін жоймайтынын мәлімлдеді.
Александр Шакиров, банктің стратегиялық коммуникация және маркетинг басқармасының басшысы:
- Біздің банк «Оскар медикалмен» бір жыл бұрын серіктестік орнатты. 700-ден аса адамға несие берілді. Біразы қарызды жапты. Серіктестік қызметін тоқтатқанын кеше естідік. Қарыз алған әр адамның өтінішін жеке-жеке қарайтын боламыз.
Қымбат аппараттың көмегімен адамның ағзасын тексеріп, сырқаттан толық айықтырамыз деген орталық мамандарының уәдесі толық орындалған жоқ. Өздеріңіз көріп тұрғандай қазір мұнда есік жабық тұр. Ал емделеміз деп қыруар шығынға батқан жұрттың ендігі уайымы - екінші деңгейлі банктердің қара тізіміне ілінбеу. Себебі, қаржы ұйымдары несие аларда әр адамның төлем қабілетін тексеретіні белгілі. Алаяқтардың қақпанынан түскен жұрт енді сотқа жүгінбек ниетте.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!