Қарағандыда шетел азаматтары жаппай ауруханаға түсті
Қалада жеке баспана тұрғызып жатқан 20 өзбек азаматы тұрмыстық газға тұншыққан. Олардың барлығы жедел түрде ауруханаға жеткізіліп, ем-дом қабылдап жатыр. Жаппай газдан улану жағдайы бойынша қазір полиция тексеру жұмыстарына кірісті.
Автор: Саят Сабдалы
04.06.2019
Жұмысшылар кешкі мезгілде ас әзірлеген соң мына газ баллонын ашық қалдырғанға ұқсайды. Қайта, газ жайлаған бөлмеде шырт ұйқыда жатқандардың арасында біреуі оянып, көмек шақырып үлгерген. Полицяның мәліметінше олардың барлығы заңды түрде жұмыс атқарып жүргендер екен. Енді техникалық қауіпсіздіктің сақталмауы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүруде.
Бақытжан Құдияров, Қарағанды облыстық ПД баспасөз қызметі басшысының орынбасары:
- Аталған оқиға полиция бөлімінде тіркеліп, қазіргі таңда полиция қызметкерлерімен оқиғаның мән жайы анықталу үстінде. Айта кету керек, өзбекстан азаматтары көші қон полиция басқармасында тіркелген, жұмыс берушімен еңбек келісім шарты бар.
Ауруханаға түскен 20 адамның сегізі дәрігер қарауынан кейін бірден жіберіліпті. Өздерін жайсыз сезінгендер қазір палаталарға жайғастырылған. Біреуінің жағдайы қиын болғандықтан жансақтау бөлімінде жатыр. Дегенмен барлығының жағдайы орташа дейді дәрігерлер. Өздері де, тынығып алғасын жұмысқа қайта кірісеміз деп отыр.
Фарух Елбаев, Өзбекстан азаматы:
- Біз ұйықтап жатқанда бір жігіт газға көжені қойып ұйықтап кеткен. От өшкен де, газ шыға беріпті. Қайта арамыздағы біреу оянып дабыл қаққан. Әйтпесе сол жатқаннан тұрмағандай екенбіз. Қазір сәл бас ауырғаны болмаса, жағдайымыз түзелді.
Дәрігер қарауынан кейін қайтарылған 8 адам әзірге мына құрылыс басынан көрінбейді. Нысан иесі оларға да демалыс бергенге ұқсайды.
Ал ауруханадағы 12 адамның бүгін ертең тынығып алуына мүмкіндіктері бар. Өйткені заң бойынша шетел азаматтарына тегін медициналық көмек 3 күнге дейін ғана көрсетіледі. Ал денсаулықтарын түбегейлі түзеп алғысы келгендері ары қарай ақылы түрде ем қабылдай алады екен. Алайда нәпәқа табуға келгендердің өздері-ақ ауруханадан шыққанша асығып жатқан көрінеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!