Ақмола облысында жарылған тоғанның әлі астан-кестеңі шығып жатыр
Ақмола облысында тұрғындар көктемгі тасқынның зардабын әлі тартып отыр. Наурыз айында арқырап аққан судың арыны қатты болып Кенесары, Ивановка тоғандарын бұзып кеткен. Топан судың бір шеті Көкшетауға да кірген еді. Қазір бұл тоғандар апатты жағдайда. Жайылымға шығатын жалғыз өткелінен айрылған кенесарылықтар малын өріске айдау үшін «қияметтің қыл көпірінен» өтеміз дейді.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
04.06.2019
Сол жарылған Кенесары тоғаны екі ай өтсе де сол күйі астан-кестен. Қылшақтыдан асып-тасып, сай-салаға кеткен судан саз балшық қана қалған. Судың екпінімен жұлынып кеткен көпірді де қалпына келтіруге асығып жатқан жан жоқ.
Бақташының жанұшыра айғайлап тұрғаны тегін емес. Таң атпастан ауылды бастарына көтеріп, малды арғы бетке өткізу 500 үйлі ауылдың ең жауапты ісі. Арғы бетте мұсылман зираты да қалған. О дүниелік болған адамды жерлеу де азап екен. Белуардан саз кешіп малы да жаны да батпаққа батып жатқаны.Тасқын жұлып кеткен көпірді орнатып берсе, бұл қиыншылықтан шығар едік, - дейді тұрғындар.
Сайын Нығметжанов, Кенесары ауылының тұрғыны:
- Қанша рет айттық. Шөп әкелу керек, жол жоқ. Күзге қарсы ойлану керек қой.
Кенесары ауылы Көкшетаудан 40 шақырым жерде ғана. 2 мыңға жуық тұрғыны бар елді мекенді бір жағынан темір жол, екінші жағынан автобан айналып өтеді. Айналма жолдардың ортасындағы жұрттың арғы бетке қатынайтын өткелінің сыйқы мынау. Аудан басшылары Кенесары тоғаны 2018 жылы облыс әкімінің қаулысымен «Қазсушар» мекемесіне берілгенін айтты. Тіпті сметалық құжатта жасап жатыр десе, Елодадағы бұл мекеме нысанды қабылдап алған жоқпыз деп отыр.
Уәли Дәлі, «Қазсушар» РМК Ақмола филиалының директоры:
- Бізде мемлекеттік су шаруашылығы нысандарының тізімі бар. Үкіметтің 1344 нөмірлі қаулысымен. Сондықтан тізімде жоқ болғандықтан оған бюджеттен қаржы қарастырылмайды. Ол тоған бізге қарамайды.
Көктемде бір емес бірнеше тоған жарылып, топан су Көкшетауға да кіргенде облыстағы басшылар бар кінәні «Қазсушар» мекемесіне артқан. Олар болса, тоған біздікі емес деп отыр. Осылай бір-біріне сілтегеніне қарағанда жұлынған көпір де, дал дұлы шыққан тоған да жақын арада жөнделмейтін сияқты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!