Бас жоспарға кірмей қалғандықтан жарықсыз қалды
Елорда іргесіндегі Тайтөбе ауылында атқамінерлердің шалағайлығынан ондаған отбасы электр жарығынсыз отыр. Айтуларынша, бас жоспарға кірмей қалғандықтан, үйлеріне тоқ тартылмапты. 21-ғасырда өмір сүріп, инфрақұрылымнан ада қалған жұрттың жағдайын тілшілеріміз көріп келді.
Автор: Досжан Маратұлы
05.06.2019
Бұл Нұр-Сұлтаннан небәрі 20 шақырым жердегі Тайтөбе ауылы. Елді мекеннің аумағы өсіп, мынадай жаңа үйлер салынып жатқанымен, оның ешқайсында тоқ жоқ. 30-ға жуық отбасы жарықсыз отыр.
Солардың бірі көп балалы Далабаевтар жанұясы. Үш жыл бұрын жаңа үйге қоныстанған олар, тоқты көршісінен тартып, ақысын бөлісіп төлеуге мәжбүр. Дегенмен, электр қуаты төмен. Сондықтан үйдегі техниканың өзін пайдаланудан қалған.
Ақмарал Далабаева, Тайтөбе ауылының тұрғыны:
- Міне кір жуғыш бар. Бірақ, қолданбаймын оны. Жарықпен проблема болған соң, мына құтылармен суды әкелеміз, далаға қойып жылытамыз. Қолмен жууға тура келеді.
Кірді қолмен жуып жүрген өзге отбасылар да тоқты көршілерінен тартып жүр. Айтуларынша, бірнеше жыл бұрын ауыл ішіне жарық тарту жұмыстары жүрген екен. Бірақ, 30-ға жуық үй жоспарға енбей қалған көрінеді. Енді соның зардабын тартқан тұрғындар жарыққа қол жеткізе алмай жүр.
Ербол Жұмаділов, Тайтөбе ауылының тұрғыны:
- Ресми қосайын деп Арэк-ке бардық, әкімдікке бардық. Бірақ, олардікі құр уәде. Бәрі көршілерден қосылып отыр. Өзіңіз ойлаңызшы бір отбасы бір резеткаға ғана қосылып отырса қалай болады? Үтікті қосу үшін де, лампочкаларды өшіру керек.
Ал, ауыл әкімі болса, жарықсыз отырған жұрттың жағдайын жақында ғана білдім деп отыр. Сөзіне сенсек, биылдан қалмай барлық үйге тоқ тартылуы тиіс.
Ержан Жолымбетов, Қосшы ауылдық округінің әкімі:
- Осы бір-екі айда жоба дайын болады. Сосын жылдың соңына дейін желіні тартамыз. Биыл жарық болады. Бірақ нақты қай айда екенін айта алмаймын.
Сондықтан қараңғыда күн кешкен жұрттың сәл шыдай тұруынан басқа амалы жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!