Экс-кандидаттар саясатта қала ма?
Ал сайлауға түскен 6 кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты жеңісімен құттықтады. Олар саяси доданың ашық әрі әділ өткенін де айтып отыр. Сайлауға қатысып аты шыққан президенттікке үміткерлер енді немен айналысады?
Автор: Әсел Тұмашқызы
10.06.2019
Бір жарым миллион адамның даусын алған Әміржан Қосанов үшін бұл нағыз рекорд. Алдымен Тоқаевты жеңісімен құттықтаған ол өзінің де жетістігіне қатты қуанып жүр.
Әміржан Қосанов, Президенттікке кандидат:
- Қазақстан оппозициясы бірігіп, бірегей кандидат ұсынғанда мүлдем басқаша цифрлар болуы мүмкін еді. Бірақ, бұл да үлкен жеңіс. Қазақстан тарихында оппозицияның жеке өкілі ешқандай партиясыз, ешқандай қозғалыссыз ешқандай біріккен күшсіз осындай жетістікке жетіп отыр. Мұның өзі бізге үлкен мүмкіндіктер береді.
Жығылса да күреске тоймайтын коммунист Жамбыл Ахметбеков 2011 жылғы сайлауда небәрі 1,36 пайыз жинаса, бұл жолы оны қолдағандар саны бір жарым пайызға көбейген.
Жамбыл Ахметбеков, Президенттікке кандидат:
- Бақылаушылардан қателіктер туралы ақпараттар келіп түскен жоқ. Онда сайлау ережеге сәйкес өтті деп айтуға болады.
Көпбалалы аналардың мұң-тұқтажын жоғары мінберден көтеруге тырысқан ақжолдықтар үштікке ілінгеніне дән риза. Дәния Еспаева тіпті түнімен ұйықтай алмапты. Ел тарихында алғашқы әйел кандидат ретінде қалатын ол тағы да саяси додаға түсуден бас тартпаймын дейді.
Дәния Еспаева, Президенттікке кандидат:
- Партия ұсынса қатысамын. Жоқ, шаршап тұрған жоқпын. Бәрі жақсы болды. Қызықты болды. Себебі, көптеген кездесулер болды. Сондықтан мен үшін жақсы жұмыс болды.
Кәсіподақтар федерациясының үміткері Амангелді Таспихов сайлаудың әділ өткеніне сенімді. Бір пайыздан астам дауыс жинап көш соңында қалса да жаңа достар тапқанына қуанады.
Амангелді Таспихов, Президенттікке кандидат:
- Халықтың таңдауы солай болды. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлының 70 пайыздан астам дауыс берген. Сондықтан сол саясатты қолдағанын көрсетіп отыр. Ешқандай заңбұзушылық болған жоқ деп есептейміз. Ашық жариялы түрде жүрді.
Сәді-Бек Түгел жетеуден жүйрік шықпаса да ұлттық құндылықтарды дәріптеуді жетесіне жеткізіп түсіндірдім деген ойда. Бірақ қолына қамшы ұстап, шапан киіп жүрген жалғыз кандидатты дауыс берушілердің бір пайызы да қолдамаған.
Сәді-Бек Түгел, Президенттікке кандидат:
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен ірі жеңіске ие болып отыр. Шын жүректен оны жеңісімен құттықтаймын. Өте орынды. Таза жеңіс. Жалпы биылғы сайлау жоғары деңгейде өтті.
Басты қарсыласынан ойсырай жеңілгендер бұдан кейін саясатта белсенділік таныта ма жоқ па, бұл жағы әзірге белгісіз. Тек Дәния Еспаева мен Жамбыл Ахметбековтың үнемі ел назарында болары анық. Өйткені олар мәжіліс депутаттары. Оның үстіне президенттікке экс-кандидат деген тіркес ере жүретін болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!