Дауыс беру жәшігіне қос-қостан бюллетень салғандарды прокуратура тексеріп жатыр
Қасым-Жомарт Тоқаев - жеңімпаз! Бүгін Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс Президент сайлауына қатысты алдын-ала қорытындыны жариялады. Nur Otan партиясының атынан сайлауға түскен казіргі Президент 70,76 пайызы дауыс жинаған. Сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясы саяси науқан кезінде заңбұзушылықтар болғанын растап отыр.
Автор: Әсем Қабылбек
10.06.2019
Кеше түнгі 12-де эксзит полл нәтижесі шыққан соң дауыс берушілер сайлау қорытындысын тағатсыздана күтті. Бірақ елімізде экзит полл нәтижесі мен ресми дауыс санағының арасында алшақтық болған жоқ.
Бүгін түске дейін Орталық сайлау комиссиясы түске дейін ел бойынша 10 мың учаскеден жиналған мәліметтерді жинастырып, алдын-ала қорытындыны жария етті. Олардың дерегінше, 7 кандидаттың ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев көш бастап тұр. Билік партиясының өкілін 6 млн-нан аса адам қолдаған. Ең аз дауыс Сәді-Бек Түгелдің үлесінде.
Константин Петров, ОСК төрағасының орынбасары:
- 9 маусымда өткен президент сайлауында кандидаттар келесідей дауыс жинаған: Жамбыл Ахметбеков - 1,83%, Дәния Еспаева - 5,2%, Әміржан Қосанов - 16,02%, Төлеутай Рахымбеков - 3,2%, Амангелді Таспихов - 2,07, Қасым-Жомарт Тоқаев - 70,76%, Сәді-Бек Түгел - 0,92% дауыс жинады.
Саяси науқан қарсаңында сайлаушылар тізіміне 12 млн-ға жуық отандасымыз тіркелсе, соның 9 млн-нан астамы дауыс беріп белсенділік танытқан. Бұл электораттың 77,4 пайызы. Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру кезінде құқықбұзушылықтарға тоқталды. Мысалы, учаскедегі жауапты комиссия өкілдері өзгенің атынан дауыс беру үшін бюллетеньдерді заңсыз қолданған. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Баймолдинаның айтуынша, жеке тұлғалардан барлығы 18 шағым түскен. Бюллетеньдердің біразы жарамсыз деп танылған. Заңбұзушылықтардың 40 пайыздан астамы Түркістан облысында орын алыпты.
Зәуреш Баймолдина, ОСК мүшесі:
- Соның ішінде 11 шағым бізге жолданды. Шағымдардың өзін бірнеше топқа бөлуге қарастыруға болады. Дауыс беруді ұйымдастыру кезінде ережені өрескел бұзу жиі тіркелді.
Бюллетеньдерді дауыс беру жәшігіне салғандарды прокуратура тексеруде.
Зәуреш Баймолдина, ОСК мүшесі:
- 29 бюллетеннің заңсыз берілгені анықталды. Аймақтарды жекелей алатын болсақ, Түркістан, Алматы, Атырау, Маңғыстау обыстары мен Алматы қаласында тіркеліп отыр. Қызылорда облысында тіпті бір адамға 5 бюллетеньге дейін берілген.
Кешегі сайлауда ел-жұртты шулатқан қаламсапқа қатысты дауды Орталық сайлау комиссиясы жоққа шығарды. Сайлауға барғандар жасырын дауыс беретін кабинадағы қаламсаппен таңдау жасап, қағазға от жағып тексеріп көрген. Орталық сайлау комиссиясы өзге сайлаушылардың орнынан дауыс бермек болғандар жазасыз қалмайды деп сендірді. Ал кезектен тыс өткен Президент сайлауының нәтижесін заңға сәйкес бірер күнде жариялайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!