Арнасынан асқан су жағасындағы бетон қоршауды шайып кетті
Алматы облысындағы Қарасай ауданының тұрғындары Қырғауылды өзені басып қалады ма деп үрей құшағында отыр. Арнасынан асқан су жағасындағы бетон қоршауды шайып кеткен. Ал 2017 жылы мұнда сел жүріп, баспаналарын лай аралас су басқан болатын. Жергілікті биліктен өзен жағасын бекіту жағынан ешқандай көмек болмағандықтан енді тағы да қызыл судың астында қалуымыз мүмкін деген тұрғындар алаңдаулы.
Автор: Бауыржан Жақсымбет
11.06.2019
Мария Төребаеваның Қырғауылды ауылында тұрып жатқанына он бес жылдан асқан. Алғаш көшіп келген кездері сылдырлап қана ағып жатқан жылға өзенге айналыпты. Қыста мұз қатып бетіне шыққан су маңайына жайылса, көктем мезгілінде жауын-шашын қосылып лай аралас су деңгейінен көтеріледі екен. Селден кейін, су арнасын тазалауға келгендер тұрғындардың өздері жасаған бетон қоршауды да қиратып тастап, осыдан кейін мұнда ешқандай қоршаудың болмағандығын айтқан екен.
Бір қызғы, мұнда Қырғауылды өзенінің жарты бөлігі бетонмен қоршалған. Бұған дейін толықтай бітіруін талап еткен тұрғындарға техниканың жоқ екендігін алға тартқан көрінеді. Енді ғана іске кіріскен қызметкерлер, барлығын бетондап, қалыпқа келтіреміз дейді. Сондай-ақ, Райымбек ауылдық аймағы әкімінің орынбасары бұл үйлердің заңдастыру кезінде құжаттарын алғандығын айтты. Заң бойынша баспаналар өзен-көлден 30-35 метр қашықтықта болуы керек екен. Енді тауға жақын орналасқан үйлердің маңайын қалыпқа келтіріп, содан кейін қауіп аз аймақтарға да барамыз дейді.
Айбек Баякеев, Райымбек ауылдық округі әкімінің орынбасары:
- Үйдің өзі өзеннің қасына жақын салынған. Нормалары сақталмағаннан кейін жақын салынған. Үйді шайып кету қауіпі бар. Осы үйге байланысты шаралар қолданып жатырмыз.
Жаңбыр жауса арық тасиды ма деп қорықса, жай күндері балалары сарқырап ағып жатқан суға ағып кете ме деп алаңдаулы. Өз қаражаттарына тұрғызған бетон қоршаулары қирағалы бері, көрген күніміз осы дейді. Ал, атқамінерлерден қайыр болмағандықтан, енді не істерлерін білмей дал.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!