Тұрғындардың 51 пайызы Қазақстанда демалуды жөн көрген
Туроператор арқылы шетелге саяхаттауға шыққан азаматтар міндетті түрде туркод алу керек. Себебі, агенттік банкротқа ұшыраған жағдайда немесе демалыс уақытында қиындықтарға тап болса дін аман елге оралуына көмектеседі. Ал биыл 85 пайыз демалушылар турфирмалардың делдалдық қызметінен бас тартып, өз саяхаттарын өздері ұйымдастырып жатыр. Мұндай туристерге медициналық сақтандыруды міндетті түрде жасатқандығы абзал.
Автор: Бауыржан Жақсымбет
14.06.2019
Сонымен биыл отандастарымыздың таңдауы қай курорттарға түсті және онда демлау құны қанша?
Татьяна Алимова бұған дейін отбасымен бірге екі рет шет елге шыққан. Түркияға саяхаттау кезінде туристік агенттіктің қызметін пайдаланса, Араб Әмірлігіне сапарын өзі ұйымдастырған екен. Басқа елде басыма талай ауыртпалық салып, демалыстың жартысынан астамы уайымға кетті деген турист, ендігі Грекияға сапарын тур агентік арқылы рәсімдеуді ұйғарыпты.
Татьяна Алимова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Ұйымдастырылмаған саяхатта мен тамақты қайдан ішуге болатындығын, жағажай таңдауды, баспана таңдауды барлығын уайымдадым. Тіпті, білместіктен ақшаның басым бөлігін қымбатқа ұрынып жараттым. Сонымен қатар жаңадан саяхаттауды жоспарлағандар шекара аспай тұрып өзінің бейімделіп кететініне сенімді болуы мүмкін. Алайда, тіліңізді түсінбейтін ортаға түскенде санаңды үрей билейді. Сондықтан, медициналық сақтандыруды да, тур кодты да өзіңізбен бірге алғаныңыз дұрыс.
Биыл еліміздің 51 пайыз тұрғыны Қазақстанның ішіндегі көрікті мекендерді аралауды жөн санса, 49 пайызы шекара асып, саяхаттауға шешім қабылдапты. Статистика бойынша, тұрғындардың басым бөлігі Ресей, Грузия, Мысыр, Тайланд және Түркияны таңдайды. Сондай-ақ, 41 пайызы демалыс маусымында барса, 24 пайызы турситік маусым қызбаған тұста, яғни уақытының ығайына қарай саяхатқа шығады. Бұдан бөлек, 35 пайызы нағыз жайма шуақ уақытты анықтап, алдын ала жолдама алып қояды екен. Негізінен демалушылардың 47 пайызы отбасымен бой сергітуді қаласа, 26 пайызы сүйіктісімен демалуды жоспарлайды. Ал, 18 пайызы шетелде достарымен көңіл көтеруді таңдаса, 9 пайызы жалғыз жүріп бейтаныс жерлерді аралауға аттанады екен. Турагенттіктердің сөзіне сүйенсек, былтырдагн бері Түркия доллардан бас тартқандықтан, еуромен сатылып, қымбатқа түсетін жолдамалар бәрібір үлкен сұранысқа ие.
Наталья Вайншток, туристік агенттіктің директоры:
- Түркия қазақстандықтар ең көп баратын бағыт. Еуроға көшкеннен бері ол жақта демалу құны да жоғарылады. Ал, біздің елімізде доллар айналымда болғандықтан, Мысыр және Араб әмірлігіне жолдама алатындар қазіргі таңда көбейіп келеді. Сапалы демалыс ұсыну үшін біз барлығын ойдағыдай жасауға тырысамыз. Сонымен қатар тұтынушылардың құжаттарын да толық дайындау біздің құзырымызда.
Ал, ел аумағынан шыққан барлық туристерді бақылап отырған «Туристік Қамқор» қорында электрондық реестрлер құрылған. Онда жолдама сатып алған азаматтарды код арқылы бақылап отырады.
Асылхан Есілов, «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының директоры:
- Осы жылдан бастап сақтандыру мәселесі тур операторлардың мойнына ілінді. Бұл өте қауіпсіз жағдай. Міндетті түрде сізге туристерге тур код және сақтандыру полисі керек.
Биыл Түркия жағажайларында демалу үшін 1 адамға шамамен 300-350 мың теңге қажет. Ал Мысыр мен Біріккен Араб әмірліктерінде аптап ыстық басталғандықтан, үш ай жазда ол елдерге демалушылар аз барады. Сондықтан қазір 150 мың теңгенің жолдамасын табуға да болады дейді туроператорлар. Ал алыс сапарға аттанғысы келмейтіндердің таңдауы Алакөлге түскен. Суы шипалы көл жағалауындағы пансионаттардың тәулігі шамамен 6-7 мың теңгеден басталады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!