Ақмола облысында жайылымсыз қалған жұрт жерді меншіктеп алған кәсіпкермен қырқысып жүр
Мал жаятын жер қалмады. Елорданың іргесіндегі Тайтөбе ауылында жұрт жайылымынан айрылды. Жергілікті әкімдік ауыл маңындағы шөбі шүйгін жүздеген гектарды бір кәсіпкерге жалға беріп қойған. Ал ауылдықтар малы біреудің жеріне кіріп кетіп, айыппұл арқаламас үшін үйір-үйір жылқысын қорасына қамап отыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
14.06.2019
Шаңқай түсте қорада бызынап тұрған құлын-тайымен қоса алғанда 300-дей бас жылқы Тайтөбе ауылының малы. Үйір-үйір жылқыны іргедегі өзен мен көк шалғынға қоя берудің орнына ауылдықтар қорада қамап қоюға мәжбүр. Өйткені ауылдың маңайындағы жайылымның бәрін бір кәсіпкер меншіктеп алған.
Тоқан Ахметқалиұлы, Тайтөбе ауылының тұрғыны:
- Осы 2-3 жылдан бері маңайдағы жерді меншіктеп алған. Жоғарыда тірегі барлар алып алған. Малды шығарып қойсақ, қайта-қайта әкеп қораға тығады. Енді қалай жан бағатынымыз?
Сүтке жарымай қалмас үшін сиырын өріске шығарғанымен, оны да көз алдынан ұзатпайды. Малын қайда бағарын білмей дағдарған жұрт жергілікті әкімдіктерден бастап, прокуратураның бәріне шағымданса да қайыр болмапты.
- Біз байлық сұрамаймыз. Бірді-екілі сиырымызды бағып, айрын-сүтін ішсек жетеді. «Сен тимесең мен тиме, бадырақ көзім» дегендей, біз оларға тимейміз, олар бізге тимесін.
Тұрғындардың айтуынша, ауыл маңын меншіктеп алған 7-8 жер қожайыны бар. Солардан қалған ең соңғы 500 гектар жерді тайтөбеліктер жайылымға пайдаланып отырған беті екен. Енді жаңадан келген кәсіпкер сол 500 гектарды басып алған. Оның бір жағына өз малын жайып, бір бөлігіне егін салмақшы болыпты.
Бір қарағанда көсіліп жатқан кең даланың құр жайылым жерден айырмашылығы жоқ дерсіз. Алайда, көк майсаның исі аңқыған, шөбі шүйгін жердің ойран-топанын шығарған. Осыдан тура бір жыл бұрын жергілікті бір кәсіпкер осында 200 гектар аумаққа картоп екпекші болыпты. Сөйтіп, 15 гектар жердің қара топырағын шығарып, қопарып тастаған. Алайда, ауыл тұрғындары оған жол бермей кәсіпкерді техникасымен бірге ауыл іргесінен қуып шығыпты.
Ал қопарылған жер сол күйі ойдым-ойдым болып, мал жаюға жарамсыз болып қалған. Бір адамнан ығыр көрдік деген ауылдықтар оның шаруа қожалығына басып кірді. Есігін жауып алмақшы еді, онысына қараған жоқ.
Ашулы ел кәсіпкерді сабап тастауға шақ қалған. Тек жастар жұдырыққа кетпесін деп үлкендер жағы араша түсті. Елдің зығыры қайнағанымен, кәсіпкердің де айтары бар.
Игілік Таукенов, шаруа қожалығының басшысы:
- Бұл шаруашылықты жүргізу үшін малды қайда бағам? Онда Үкімет мына жобамен жұмыс істесеңдер жер береміз деп неге айтады? Бұл жерге мал ұстамасақ, бұл жердің керегі не? Әрі қарай жүрсек жападан жалғыз жатқан шабындық, ешкімге керегі жоқ, ары жаққа қарай аттағысы келмейді.
Ал Целиноград ауданы әкімдігі кәсіпкерге жерді берген кезде халықпен ақылдаспаған. Ашулы топтың ортасына келген әкімдік өкілі жайылым жекеменшіктікі деп тұр.
Асқар Нұртазин, Целиноград ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы:
- Бұл жер аумағы ауылдың меншігіне жатпайды. Бұрын бұл жердің басқа қожайыны болған. Ол жерді игермегеннен кейін басқа жекеменшікке бердік. Сондықтан ол жерге мал жаюға болмайды.
Ауылдықтар мал жаятын жер сұраса, тақыр жер мен бейіт орналасқан аумақты ұсынып отыр. Шұрайлы жерден кәсіпкердің қозғалғысы жоқ. Ал жайылымнан айрылған ауылдықтар оны қайтармай тынбасы анық. Екі оттың ортасында қалған әкімдік енді ашынған жұртқа қайдан жайылым табарын білмей дағдарып қалды. Жерін даулаған тайтөбеліктер мәселенің жабулы қазан күйінде қалмауын жоғарғы басшылардан сұрап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!