Италиялық атақты бренд ұсынған тауарды енді Алматыдан табуға болады
Қазақстандағы Италия! Алматыда жаңа сауда орталығы ашылды. Енді үйге қажетті заттар алу үшін Жерорта теңізінің жағалауындағы елге ұшып барудың еш қажеті жоқ. Өйткені «La Prima» деп аталатын жаңа нысанда іздегеніңіздің бәрі бар. 30-дан астам италиялық бренд ұсынған керемет жиһаздар мен жарқын дизайнды ыдыс-аяқтың түр-түрін осы дүкеннен таба аласыз.
Автор: Салтанат Шырынхан
17.06.2019
Бұл салтанатты кеште құдды бір Италияға тап болғандай әсерде қаласыз. Өйткені орталық толықтай сол елдің жасау-жабдығымен безендірілген. Талғаммен таңдалған туындылардың көріктілігінен көзің сүрінеді. 5000 шаршы метр ауданды құрайтын сауда орнында шеберлік сағаттары, ерекше театрландырылған қойылымдар, ең бастысы - 500 мың теңгелік ұтыс ойыны ұйымдастырылған. Италияның еліміздегі елшісі мұндай сауда кешендері екі ел арасын одан сайын берік етіп, достықты нығайта түсетіндігін айтады.
Паскуале Д'Авино, Италияның Қазақстандағы елшісі:
- «La Prima» сауда орталығында енді италиялық мереке күнде болады. Бұл орталықта біз өзіміздің отандық өнімдерімізді ұсынамыз. Италия - өнеркәсібі дамыған елдердің бірегейі. 6 миллионнан аса кәсіпорынымыз бар. Бірақ бұл сауда кешеніне ең жоғарғы деңгейдегі таңдаулы заттарды тасымалдап, ұсынып отырмыз.
Сондай-ақ, сауда орталығының ішінен Adagio италия мейрамханасы да өз жұмысын бастады. Мұнда хас аспаздың қолынан шыққан теңдессіз тағам түрлерінен дәм тата аласыздар. Бас аспаз әрбір туындысын ерекше байыппен әзірлейтінін айтады. Келген қонақтар тіл үйірер тағамды сүйсіне жеп, разы болуы біз үшін аса маңызды дейді.
Тино Витторелло, Халықаралық дәрежедегі бас аспаз:
- Қазақстандықтар сияқты итальяндықтарда үй тағамдарын ұнатады және бағалайды. Бұған қоса, көне рецептерді қолданады. Алдағы уақытта Алматылықтардың қандай тағамды жақсы көретінін біліп, соны да әзірлеп беретін боламын. Сіздер де біз сияқты дастархан басына бүкіл отбасы болып жиналып, қонақ күткенді жақсы көресіздер. Және тамақ жеулеріңіз де біз сияқты.
Осылайша жаңа орталықтан үй заттарын алып қана қоймай, Жерорта теңізінің мамыражай өмірін сезіне аласыз. Мұндағы тізілген тауарлар мен көрігі келіскен көріністер көздің жауын алады. Аспапта орындалған әуен құлақ құрышын қандырып, жанға рахат сыйлайды.
Гүлнар Сәрсенова, продюсер:
- Мұнда көптеген заттардан көз ала алмай тұрмын. Тіпті барлығын сатып алғым келіп тұрғаны. Ал ұйымдастырушылар мына жерді нағыз Италия қалашығына айналдырып жіберген. Ал барлық өнімдер өте сапалы екені көрініп-ақ тұр.
3 қабатты сауда кешенінен үйіңізге керектінің бәрін табасыз. Тіпті талай жан сөз еткен италияның ақ және қызыл шарабы да осында. Мұнда сауда жасап қана қоймай, тағамынан да дәм татуды ұмытпағаныңыз абзал. Ендеше Италияға сапар шеккіңіз келсе, «La Prima» сауда орталығына бет алыңыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!