Атырауда өрт шыққан қонақ үй пайдалануға берілгеннен бері тек бір-ақ рет тексерілген
Құтқарушылардың айтуынша, қонақ үйлер жатын орын санына байланысты қауіптілігі жоғары немесе төмен деп бөлінеді. Жалынға оранған қонақ үй тәуекелділік дәрежесі төмендердің санатында болғандықтан, тиісті орындар мұнда ат ізін салмаған.
Автор: Жанар Низамутдинова
17.06.2019
Яғни, 100-ден артық адам қабылдайтын қонақ үйлер ғана жылына бір рет тексеріледі екен. Ал осыдан 15 жыл бұрын пайдалануға берілген бұл ғимарат 32 адамға лайықталған. Осынау ғимараттың ең төменгі қабатындағы 9 шаршы метр жер өртеніп, оның түтіні барлық ғимаратқа тараған. Қазір қонақ үй тексеру аяқталғанша жабық. Айта кетейік, өрт сенбіде ғимараттың жертөлесінде орналасқан саунада басталған. Сол мезетте ғимаратта Орал қаласынан Атырауға футбол турниріне келген 31 бала мен 2 жаттықтырушы болыпты. Ал, өрттің шығуына тоқтың қысқа тұйықталуы себеп болуы мүмкін, - дейді құтқарушылар.
Асхат Ержанов, Атырау облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
- Өрт кезінде бір адам зардап шекті. 42 жастағы әйел адам, қонақ үй қызметкері қазір ауруханада. Жағдайы жаман емес. Бұқаралық ақпарат құралдарында айтылғандай, балалар ауруханада жатқан жоқ, сол күні-ақ дәрігердің қарауынан соң жіберіліп, келесі күні сайысқа қатысты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!