{metadescription}
Елімізде екі министрлік құрылып жаңадан 3 министр тағайындалды
Елімізде екі министрлік құрылып жаңадан 3 министр тағайындалды

Елімізде екі министрлік құрылып жаңадан 3 министр тағайындалды

Ауыс-түйіс әлі жалғасып жатыр. Президент Тоқаевтың жарлығымен елімізде жаңадан екі министрлік құрылды. Бұдан былай Үкімет құрамында Сауда және интеграция министрлігі мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі болады. Сондай-ақ, Мәденит және спорт министрі де ауысты. Орынтағынан босағандар мен министр портфелін ұстағандар кімдер?

Жаңадан құрылған Сауда және интеграция министрлігін Елордаға 9 ай әкім болған Бақыт Сұлтанов басқаратын болды. Сөйтіп ол үйреншікті қызметіне қайта оралды. Оның құзыретіне Ұлттық экономика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Сыртқы істер министрліктерінен бірнеше функция берілді. Сұлтановтың ендігі шаруасы еліміздің ішкі және сыртқы саудасы, халықаралық экономикасы болмақ.

Оған қоса, тұтынушылардың құқығын қорғаумен қатар, тауарларды техникалық реттеу, стандарттау және еліміздің экспортына қатысты шаруаның барлығымен осы министрлік айналысады. Дәл осындай болмаса да осыған ұқсас бізде Индустрия және сауда министрлігі болған. Ол 2014 жылы Үкіметті қайта жасақтау кезінде таратылып кеткен болатын.

Жаңадан құрылғандардың екіншісі – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі. Оны құру үшін Энергетика, Ауыл шаруашылығы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінен бірнеше қызметті бөліп алуға тура келді. Жаңа министрлікті 5 жарым жыл бойы Энергетика вице-министрі болған Мағзұм Мырзағалиев басқарады. Ол қоршаған ортаны қорғаудан бөлек, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, табиғи ресурстар, су, орман шаруашылығы, геология, минералдық шикізаттарға жауап береді.

Атауы басқа демесеңіз, бұрын мұндай да ведмоство болған. Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігі 2014 жылы жойылып тынған еді. Мәдениет және спорт министрлігін 5 жылдан аса басқарған Арыстанбек Мұхамедиұлы орнын босатты. Оның есте қалған сәттері жетерлік. Щучьедегі шаңғы трамплині құрылысын созбаққа салып жүріп үкімет басшысынан бір сөз естіген еді.

Қыркүйекте Премьер-министр министрлерді ала жаздай түк бітірмеген шырылдауық шегірткеге теңегенде де қаржыны игере алмағандардың қатарында болғандардың бірі осы Мұхамедиұлы. Зілтеміршілеріміз допингке ілігіп, бүкіл алтынынан айрылып жатқанда да салалы министрлік әл-дәрмен көрсете алмады.

Ең соңғысы, өткен наурыз айында әйгілі шаңғышымыз Алексей Полторанин Австрияда допингпен ұсталып, масқарасы шыққанда ақ-қарасын анықтаудың орнына спортшыны жақтап шықты. Ал Арыстанбек Мұхамедиұлының орнына 3 жылға жуық орынбасары болған Ақтоты Райымқұлова келіп отыр. Ол енді бүгіннен бастап Мәдениет және Спорт министрі.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде