{metadescription}
Алматыда өртенген жатақхана тұрғындары мектептің спортзалын паналап отыр
Алматыда өртенген жатақхана тұрғындары мектептің спортзалын паналап отыр

Алматыда өртенген жатақхана тұрғындары мектептің спортзалын паналап отыр

Алматыда 20 отбасы тұратын жатақхана өртеніп кетті. Тілсіз жау 270 шаршы метрді шарпып, екінші қабат тұтастай жанып кеткен. Абырой болғанда, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Десе де бір сәтте бар дүние мүлкінен айырылып далада қалған жұрт уақытша мектеп спорт залына орналасты. Ал жатақхана қожайыны әр отбасының шығынын шамам жеткенше төлеп беремін деп отыр.

Қызыл жалын кешкі сағат 6-да жатақхананың шатырында тұтанып, әп-сәтте қарқын алған. Лаулап жанған отты көрген тұрғындар абдырап, бала-шағасымен жапа-тармағай далаға жүгіріпті. Бір ажалдан аман қалған жұрт дүние-мүлік түгілі құжаттарымызды да алып шыға алмадық деп налиды. Бірақ тірі қалғандарына шүкір етіп отыр.

Сырым Бекжанов, Алматы қаласының тұрғыны:

- Апам баламды қарап отырған. Оларда жүгіріп шыққан. Соған қуандым. Бәрі жанып кетті. Құжаттың барлығы ішінде қалды. Дым қалмады. Бала-шағамызбен далада қалдық.

Алапат өрттің кесірінен 20 отбасы кімнен көмек сұрарын білмей, дала кезіп жүр. Көбісі жатақхананы жалдап тұрып келген. Тұрғындар өрт сөндірушілер жақын жерде орналасса да, 40 минутта әрең жетті деп ашынады.

Айша Дәуіт, Алматы қаласының тұрғыны:

- Өрт сөндірушілер 20 минут ерте келгенде мұндай шығын болмас еді. Тура мына жерде тұр. Бірақ құтқарушылар басқа жақтан келді. Сулары да жоқ. Жұмыстарына немқұрайлы қарайды. Ал біз дүние-мүлікті несиеге алдық. Бәрінің бала-шағасы бар. Жандары ашымайды.

Тілсіз жау 270 шаршы метрді шарпыған. Құтқарушылар өртті жарты сағатта әрең дегенде ауыздықтады. Олар қызыл жалынды өшіруге бірнеше газ балонынан шыққан ақау бөгет болғанын айтады.

Азамат Байгелов, Алматы ТЖД басшысының орынбасары:

- Оқиға орнынан 63 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 30-ы бала. 6 газ балонын сыртқа шығардық. Болжам бойынша, өрттің шығуына электр желілерінің тұйықталуы себеп.

Жанып кеткен жатақхананың қазіргі кейпі осы. Әсіресе, екінші қабаты түгел өртенген. Ал, бірінші қабаттың тұрғындары от пен судан аман қалған заттарын сыртқа шығарып, дүниелерін түгендеп әлек. Өртті естіп, жатақхана қожайыны да осында жеткен. Жеке кәсіпкер әр отбасының шығынын есептеп, шамасы жеткенше төлеп беруге дайын екенін жеткізді.

Гүлбахра Есенова, жатақхана қожайыны:  

- Ең бастысы, ел-жұрт аман, жұрт тыныш. Аяқ-қолдары бүтін. Барлығы далада қалды. Түнде өртенбегеніне шүкіршілік. Мүмкіндігімізге қарай көмектесеміз.

Тұрғындардың айтуынша, жалынға оранған жатақханаға әкімдік өкілдері де келіп, көмек қолын созыпты. Халықты тамақтандырып, мектептің спорт залына уақытша паналатқан. Қазір сараптама тағайындалып, тілсіз жаудың неден тұтанғаны анықталып жатыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

07 ақпан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.