Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда «уақыт капсуласын» қалады
Келешек ұрпаққа үндеу! Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда «уақыт капсуласын» қалады. Елбасы жазған деректі хат сақ дәуірінен келе жатқан дәстүр бойынша табиғи тастың астына қойылды.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
21.06.2019
Құтының сырты ұлттық ою-өрнектермен және аң стилімен бедерленген. Нұрсұлтан Назарбаевтың болашаққа жолдауын тек 30 жылдан кейін оқуға болады. Игі шарадан кейін тұңғыш президент «Кемеңгерліктің 30 жылы» атты халықаралық-ғылыми конференцияға қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш жиында сөз алып, Елбасы айқындаған саясаттың ізімен Отанымызды одан әрі дамытуға шақырды. Шетелдік сарапшылар мен мемлекет қайраткерлері де тұңғыш президенттің ерен еңбегін ерекше атап, 30 жылда Қазақстанның жеткен жетістіктерін жіпке тізді. Ал алматылық жастар Елбасыға Назарбаев көшесінің бойынан ескерткіш орнатуды ұсынды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті:
- Жаңа заманның сынағы күшейіп жатқан алдағы 30 жыл адамзат тарихындағы күрделі кезең болуы мүмкін. Бірақ кез келген ел экономика мен жер аумағынан ғана құралмайды. Мемлекет ең алдымен патриотизм, тәуелсіздік, халықтың рухы деген сөз. Мен осы қастерлі құндылықтарды әрдайым ұлықтап, сақтауға тырыстым. Бар күш-қуатымды елімнің еңсесін биік ұстауға арнадым. Сондықтан еліміздің мәртебесі әрдайым биік болсын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!