Ақшасын ала алмаған ұстаздар еңбек инспекциясына басып кірді
Мұғалімдерге миллиард қарыз! Маңғыстау облысында ұстаздар демалыс ақы мен сауықтыруға төленетін ақшаларын ала алмай отыр. Бүгін бір топ мұғалім өздеріне тиесілі қаржыны талап етіп мемлекеттік еңбек инспекциясы алдына жиналды. Педагогтардың айтуынша, қаражаттан тарыққандарынан шетелге демалу тұрмақ, ауыл-аймақтағы ағайынға қыдырып бара алмай отыр. Пойызға алған билеттерін де өткізіп тастаған.
Автор: Салтанат Шырынхан
21.06.2019
Мұғалімдер үшін соңғы қоңырау сыңғырынан кейін-ақ демалыс басталыпты. Оқу жылының соңғы аптасында аударылуы тиіс демалыс ақы мен сауықтыруға төленетін бір реттік ақша әлі жоқ. Тамызда жұмысқа кірісуі тиіс бір ай демалысымыз босқа өтті деп ашулы.
Қамқаш Байдуллаева, мұғалім:
- Қазір мұғалімдердің жағдайы қиын. Әркімнің әртүрлі проблемалары бар. Біреу баласын емдетуге кету керек, біреу өзі емделуге кету керек. Соның бәріне шыға алмай отыр.
Гүлбану Айдарбаева, №16 мектебінің мұғалімі:
- Мен саяхаттауға билет сатып алғанмын. Бірақ енді өткізуіме тура келді. Өйткені келесі айда туыстарымыздың тойы болады. Соған қатысуым керек. Басымда бірнеше несием бар. Оларды төлемей, уақытын да кешіктіріп алдым.
Облыс бойынша ақшасын ала алмаған мыңдаған мұғалім бар. Ал оларға берілу қажет қаражат 1 миллиард 400 мың теңгені құрайды. Дегенмен өздеріне тиесілі қаражатты даулап, еңбек инспекциясына келіп арыздануға санаулы ғана мұғалім жиналыпты. Көбі мектеп басшылығынан қорқып, келмей қалды.
Айнагүл Әбішова, мұғалім:
- Көптеген мұғалімдер тартыншақтап отыр. Батылдық жасап келе алмады. Өйткені өздеріңіз көріп тұрғандай басшылықтың өзі жақындап, турасын айта алмай тұр. Кеше әлеуметтік желіде барлығы толықтай келеміз деп даурыққан болатын. Ал бүгінгі жағдайды өздеріңізде көріп тұрсыздар.
Ақыры, педагогтардың алдына шығуға мәжбүр болған директорлар мен білім бөлімінің басшылары бюджетке сілтеп отыр. Айтуларынша, салық аз түсіп, қаражат кешігіп жатыр. Сөйтіп 21 күннен аса уақыт өтіпті. Бірақ кешеден бері тиісті төлемдер ұстаздарға беріле бастапты.
Нұрлыбек Қойжанов, Маңғыстау облысы білім басқармасы бастығының орынбасары:
- Оны біздер кешеден бастап төледік. Кеше 174 миллион ақшасын жібердік. Осы айдың аяғына дейін барлық отпускной мен жалақыларын, еңбекақыларын төлеп бітіреміз.
Бұл сөзге күмәнмен қараған мұғалімдер, құрғақ уәдеден шаршадық деп отыр. Сондай-ақ әр кешіккен күн үшін 5000 теңгеден қосуын талап етуде. Егер төлемдер алдағы күндері түспесе, сотқа жүгінетіндіктерін айтады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!