Қарағанды облысында 12 жастағы баланы бетон басып қалды
Қарағанды облысында 12 жастағы баланы бетон қоршау басып қалды. Ойын баласы сол жерде тіл тартпай кеткен. Жантүршігерлік оқиға кеше түс мезгілінде болды. Ал нысан қожайыны балалар бетон қоршаудың үстіне жиі шығатын дейді. Қазір полиция оқиғаның мән жайын анықтап жатыр. Баланы бетон қоршау басып қалған жерді тілшіміз Саят Сабдалы да көріп келді.
Автор: Саят Сабдалы
21.06.2019
Долинка елді мекеніндегі кеңес кезінен бері қаңырап тұрған мына нысан, 1 ай бұрын ғана жеке кәсіпкердің иелігіне өтіпті. Қазір ішкі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Нысан күзетшісі Владимир Чекуров қаңыраған ғимаратқа келіп үйренген бала атаулы, қазір де осында жиі жиналады дейді.
Владимир Чекуров куәгер:
- Олар үнемі осында ойнап үйреніп қалған. Салып жатқан терезелерімізді таспен атып қиратады. Сол күні үш бала қоршаудың үстінде шайқалып отырған. Шыңғырған дауысты естіп шықсам, қоршау құлап жатыр. 2 бала ойбайлап көмекке шақырып жатыр. Тұра ұмтылдым.
Бала бетонның мынау шытынаған жерінің астына басылып қалған. Жанұшырған дауысқа күзетші жүгіріп келгенде мына жерден баланың басы ғана шығып жатыпты. Күзетші қолымнан келгенше көмек беруге тырыстым дейді. Бірақ мына бетонды көтеруге жалғыз адамның әлі жетпесі анық. Санаулы секундтардан кейін Петя екі рет ыңырсып барып жан тапсырған.
Қаралы хабарды естіген мұғалімдерден де ес кеткен. Полиция келіп, бала туралы ақпар алса да, одан айырылып қалғанымызға сене алмай жүрміз дейді.
Наталья Жатько Шахтинск қалалық №4 орта мектебінің директоры:
- Төбемізден жай түскендей болды. Маусымның 19 на дейін мектептегі жазғы лагерде болған. Үздік оқымаса да, сабағы орташа еді. Ең бастысы мінезі жақсы, ақкөңіл, адал бала болатын. Ата-анасы ажырасқан. Ол әкесімен бірге тұратын. Әкесі тіптен езіліп отыр.
Нысан қожайынының айтуынша кеңес кезінен орнатылған биік бетон қоршау құлайды деген ойға да кіріп шықпаған. Балалар үнемі сол жерде ойнайды, оларды қараусыз жіберетіндер бір уақыт ойланса екен дейді. Ал полиция тергеуге дейінгі тексеріс жүргізіп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!