Арыспен біргеміз: Қайғылы жағдай бүкіл елді біріктірді
Барша қазақстандықтар жарылыстан зардап шеккен Арыс жұртына қолдарынан келгенше қолдау көрсетіп жатыр. Осыған орай әр аймақта көмек қабылдау орталықтары ашылып, тұрмыстық тауарлар жеткізілуде. Кейбір мекемелер бір күндік жалақыларын аударып жатыр.
Автор: Салтанат Шырынхан
25.06.2019
- Алматылықтар да Арыс тұрғындарына гуманитарлық көмек жинап жатыр. Ол үшін кешеден бері қаланың бірнеше жерінде көмек қабылдау орталығы ашылды. Көбінесе тұрғындар азық-түлік, су, киім-кешек, балалар тағамы сынды аса қажет заттарды әкеп өткізуде.
Тіпті Арыстағы жойқын жарылысты естіген кішкентай балалардың өзі көмек қолын созуға дайын тұр. Баян ханымның балалары бүгінге дейін жинаған тиындарын анасына аманаттап, Арыстағы балаларға жеткізілуін өтініпті.
Баян Мүбаракова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Менің екі кішкентай балам Арыстағы балаларға деп капилкадағы ақшасын соған жинап берді. Соны маған бүгін беріп жібер деді. Соны алып келдім.
Көмек қабылдау орталықтарында көптеген еріктілер күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Айтуларынша, балалар жөргегі мен гигиеналық құрал-жабдықтар көбірек қажет екен. Сол қажеттіліктердің орнын толтыру үшін тұрмыстық тауарларын арқалап келіп жатқандардың қарасы көп. Бұған қоса, ондаған жүк көліктері зардап шеккен қалаға жақын арада жіберіледі деп күтілуде.
Константин Авершин, Алматы қалалық мәслихатының депутаты:
- Бірінші керуен бұйырса таңертен жолға шығады. Сөйтіп Шымкент қаласындағы көмекке зәру жандарға жеткізілетін болады.
Еліміздің түкпір-түкпірінде дәл осындай гуманитарлық көмек көптеп жиналып жатыр. Атырау қаласында да тұрмыстық заттармен қоса, 3000-нан астам мемлекеттік қызметкер біркүндік жалақыларын аударуда. Жарты күн ішінде арнайы ашылған есепшотқа атыраулықтардан үш млн теңгеден астам қаржы жиналыпты. Ал медициналық көмек көрсету мақсатында он шақты дәрігер Арысқа аттанып кетіпті.
Тілекқабыл Байғазиев, Атырау қаласының тұрғыны:
- Атырау тұрғыны ретінде көмегімді беруге келдім. «Көп түкірсе көл болады» дейді. Атырау халқы боп бір кісідей көмектесейік деп шештік.
Арқа жұрты да Арыс тұрғындарына күні кеше 3 тонна азық-түлік жіберген. Ал бүгін 7 тонна жіберу жоспарланыпты. Сондай-ақ, фармацептика компаниясы балалардың күйзеліске қарсы ішетін дәрі-дәрмектерін жібермекші. Ал Ақтөбенің белсенді жігіттері бірер күнде Арысқа жолға шықпақ. Олар қаланы қалпына келтіруге қол күшін беріп, құрылысқа да ат салысамыз деп отыр. Осылайша Арыстықтардың қайғысын барлық қазақ біріге бөлісуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!