Арыс тұрғындары ертеңнен бастап үйлеріне орала бастайды
Алайда, арыстықтардың барлығы қайтуға әлі дайын емес. Ауруханада жатқандары да жетерлік. Жарылыстан зардап шеккен Арысты ретке келтіру күнгейдегі әкімдіктерге тапсырылды. Яғни, шағын қаланы 17 аумаққа бөліп, әрқайсын Түркістан облысына қарасты аудандық әкімдіктер жөндейтін болады. Ал полиция жарылыс болады деп жалған ақпарат таратқан екі әйелді ұстады.
Автор: Бек Әбиев
27.06.2019
Шымкент пен облысқа қарасты ауруханаларда қазір Арыстағы жарылыстан зардап шеккен 73 адам ем алуда. Жансақтау бөлімінде 4 бүлдіршін мен 5 ересек жатыр. Мына палатадағы 4 әйелдің барлығы Арыс тұрғындары. Балабақшада тәрбиеші болып істейтін Қарлығаш Мыңбаева жарылыс болған кезде жұмысында болған. Алғашқы дүмпуден соң бөбектерді кездескен көліктерге отырғызып, үйге асықтым дейді. Осы кезде қаладан қашып бара жатқан көліктің бірі қағып кетіпті. Аяғы сынған 43 жастағы әйел тірі қалғанына шүкір деп отыр.
Қарлығаш Мыңбаева, Арыс қаласының тұрғыны:
- 3 саусағым шытынап сынған деді. Қорқынышты ол жерде. Енді бірінші мәрте емес, үшінші мәрте болып жатыр.
Билік болса қорқатын дәнеңе жоқ дейді. Бірнеше күннен бері Арысты жарылғыш заттардан тазалап жатқан 400-ден аса сапер бүгінге дейін 5700-ден астам снаряд тауыпты. Енді оларды қауіпсіз аймаққа алып шығу жұмыстары жүріп жатыр. Елді жоқ жерден дүрліктіріп жатқандар да бар. Мәселен, шымкенттік полицейлер қауіпті жарылыс күтіп тұр деп жалған ақпарат таратқан екі әйелді ұстап, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тұрғынсыз қалған қаладағы үйлер мен дүкендерді, тіпті иесіз қалған мал мен көліктерді ұрлап жатқандар да кездесуде.
Салтанат Қаракөзова, Түркістан облыстық ПД баспасөз хатшысы:
- «Мицубиси» автокөлігіне бір жылқы бір қой салып бара жатқан кезде ұсталды. Қазіргі таңда мал ұрлығына қатысты 3 азамат қамауға алынды. Олардың 2-уі Шымкент қаласының тұрғыны, ал біреуі Арыс қаласының тұрғыны.
Қазір Арыс қаласына тұрғындарды қайтару бойынша жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Қызылорда мен Жамбыл облысынан 50-ге жуық дезинфекция маманы келіп, залалсыздандыру жұмыстарын істеп жатыр.
Алапат жарылыстан бұзылған қаланы жөндеу жұмыстары Түркістан облысына қарасты 17 аудандық және қалалық әкімдіктерге жүктелмек. Яғни, Арыс 17 секторға бөлініп, әр әкімдік өз секторының қайта қалыпқа келуіне жауапты болады. Ол үшін мың жарым құрылысшы тарту жоспарлануда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!