Нұр-Сұлтанда жолақы қымбаттауы мүмкін
Нұр-Сұлтанда жолақы қымбаттауы мүмкін. Қалалық автобус паркіндегілер осындай бастама көтеріп жатыр. Өйткені, Елордада бензин мен дизельге салынатын салық көлемі екі есеге артқан соң, шығынымыз да көбейеді дейді кәсіпкерлер. Тұрғындар да онсызда қымбат жолақы тағы аспандап кетеме деп қауіптеніп отыр.
Автор: Досжан Маратұлы
28.06.2019
Елордада қоршаған ортаны ластағаны үшін төленетін эмиссия, яғни, салық екі есеге артпақ. Бірден айта кетейік, бұл ереже тек заңды тұлғаларға ғана қатысты. Сондықтан қызметтік көлігі бар фирмалар мен автопарк немесе такси қызметі пайдаланған бензин мен дизельдің әр литрі үшін салықты еседей көп төлейді.
Әрине, мұндай жаңашылдыққа кәсіпкерлердің көңілі толмайды. Әсіресе, қала ішінде тұрғындарды тасымалдаумен айналысатын автобус паркіндегілер наразы. Өйткені, ауаның ластануын азайту үшін онсыз да еуро-5 санатындағы автобустар сатып алынып жатыр дейді. Бірақ, бұған қарамастан экологиялық төлемдер артса, жүргізушілердің жалақысын дер кезінде төлей алмай қаламыз ба деп уайымдап отыр.
Бауыржан Тілеубергенов, №3 Автобус паркінің директоры:
- Жанармайды жағып, табиғатты ластаған үшін қазірдің өзінде әрбір тоқсан сайын 1,5 млн төлейміз. Жаңадан автобус алыңдар деді. Оны да сатып алып жатырмыз. Енді салықты арттырса, керісінше, шығынға батамыз ғой. Сол үшін жолақыны көтеру керек. Біз бұл ұсынысты әкімдікке міндетті түрде айтамыз.
Сондықтан қоғамдық көлікпен ғана емес, таксимен жүру де қымбаттай түсуі мүмкін. Тұрғындарды алаңдатып отырғаны осы.
- Міндетті түрде қымбаттайды. Өйткені, көлік құралдарының расходын бәрін жабу үшін оны халықтан жинамағанда басқа источник жоқ деп ойлаймын.
- Жалақым 100 мың теңге. Проездке айына 30-20 мың кетеді. Ертең тағы да көтерілсе, квартираға тамаққа жетпейді.
Ал, салықты өсіріп жатқан әкімдік болса, Нұр-Сұлтанда экологиялық төлемдердің керісінше арзан екенін айтады. Өйткені, бензин мен дизельді жаққаны үшін салынатын салық өзге өңірлерде әлдеқашан екі есеге қымбаттап қойған. Кезек енді Елордаға жетіпті. Атқамінерлер бұл жолақыға әсер етпейді деп сендіріп отыр.
Әбдіманап Жұмаділдаев, Нұр-Сұлтан қаласы қоршаған ортаны қорғау басқармасының бөлім басшысы:
- Тарифтерге әсері жоқ. Неге десеңіз, қандай да бір қызметтің бағасын әрқашан монополияға қарсы қызмет бекітіп отырады. Әрі бұл жерде ондай міндеттеме қарастырылмаған. Ол экологиялық кодексте де бар. Сондықтан тарифтерге әсер етпейді деп ойлаймыз.
Оның үстіне салықтың қымбаттауы, көлікке газ қондырғысын орнатуға итермелейді дейді жауаптылар. Бірақ, ол үшін 150 мыңнан 900 мың теңгеге дейін шығындануға тура келеді. Сондықтан кәсіпкерлер экологиялық төлемдерді төлегісі келмесе, газ орнатудан басқа амал жоқ секілді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!