Оралда тағы бір құбыр жарылып, тұрғындар сусыз отыр
Оралда кәріз коллекторындағы апат әрең ауыздықталса да, түнімен тыным таппаған жұмысшылардың еңбегі зая кетті. Өйткені, қатарлас жатқан екінші құбыр жарылып, жұмысты толық аяқтауға мүмкіндік бермей тұр.
Автор: Мақсат Мәлік
28.06.2019
Арнайы бригада құбырдың жарылған жеріне жету үшін шұңқырдағы суды бір тәулік бойы арнайы көлікпен сорғанымен тағы толып қалған. Бұған коллектордың көрші тармағынан кеткен ақау себеп. Демек, әкімдіктегілер олқылықты қалпына келтірдік дегенімен, жөндеу жұмыстары бір күннің ішінде аяқтала қоюы екіталай. Бірақ, жауапты мекеме өкілдері тәулік ішінде үйлерге су жіберілітінін айтады. Ал, сусыз қалған тұрғындар шыныпластиктен құбыр жүргізуге шешім шығарған шенеуніктерді жауапқа тартуды сұрайды. Айта кетейік, кеше Оралда жер астындағы сапасыз құбыр жарылып, 120 мың тұрғын тіршілік нәрінен қағылған еді.
Нұр Төлеуғалиев, «Батыс су арнасы» ЖШС директоры:
- Кәріз коллекторы жоғары қысымда жұмыс жасайтын коллектор. Сондықтан бірден қосып жұмыс істей алмаймыз. Өзінің қысымын бірте-бірте көбейтіп, дұрыс жүйеге енеміз деп ойлап тұрмыз. Ауыстырған жүйені іске қосқаннан кейін қалаға су бере бастаймыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!