Қызметінен босатылған Бауыржан Байбек несімен есте қалды?
Мегаполис басшысы ауысты! Алматыны тура 3 жыл 11 ай басқарған Бауыржан Байбек қызметінен босатылды.
Автор: Әсем Қабылбек
28.06.2019
Бауыржан Байбек, Алматы қаласының бұрынғы әкімі:
- Әкімдіктің 86 қызметкері велосипедке отырады. Өзім де отырам. Барлық көлікті газға ауыстырамыз.
Бауыржан Қыдырғалиұлы әкім болғалы қызметтік көлігінен бас тартып, жұртты жаппай жаяу не велосипедпен жүруге шақырғаны белгілі. 41 жасында ірі мегаполисті басқарған ол түрлі түрлі реформа жүргізді. Алғашқы күннен бастап ауасы әбден ластанған Алматыны түтіннен тазартуды қолға алды. Алдымен қалада ішіндегі темір қоршаулармен күресті, ақылы тұрақтар пайда болды. Газбен жүретін автобустарды қолданысқа берді. Алматыда апаттан көз ашпаған ескі трамвайларды рельстерімен қоса құртқан әкім ретінде тарихта қалары сөзсіз. Соңғы жылдары дат архитекторы Янг Гейлдің жобасы негізінде «Қала адамдар үшін» тұжырымдамасын қолға алды. Яғни, шаһардағы басты көшелерді жаяу жүргіншілерге арнап ыңғайлады. Сонымен қатар Бауыржан Байбектің «Мейрамханадан 500 теңгеге түскі ас ішу» туралы айтқан сөзі әжуаға айналғаны көптің есінде. Осы айда ғана өткен Президент сайлауынан кейін 17 маусымда Бауыржан Байбек Алматы әкімі болып қайта тағайындалған болатын. Енді оның қандай қызметке баратыны әзірге белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!