Елімізде жыл басынан бері 76 адам суға батып қаза тапқан
Елімізде жыл басынан бері 76 адам суға батып қаза тапқан. Соның ішіндегі 40-ы балалар. Жаз маусымының енді ғана басталғанын ескерген төтенше жағдайлар қызметі мен полиция бірлесіп, шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде ауқымды рейд жүргізді. Ағысы қатты өзендер мен құтқарушысы жоқ көлде шомылуға болмайтындығын демалушыларға тағы ескертті.
Автор: Бауыржан Жақсымбет
01.07.2019
Жаз басталса бой сергіту үшін өзендер мен көлдерге қарай ағылатын демалушылар, шомылуға рұқсат етілмеген орындарға да көптеп барады екен. Осыған байланысты арнайы ескерту қағазын әзірлеген төтенше жағдайлар қызметкерлері қала маңайындағы су қоймалары мен өзен-көлдерінде демалушыларға суға түсуге болмайтындығын құлағдар етеді. Алайда, жағажайдағы жұрттың өз уәжі бар. Сайран көлі сияқты шомылуға рұқсат етілген орындардың суы лай, айналасын жағымсыз иіс жайлаған дейді.
Наталья, Алматы қаласының тұрғыны:
- Демалатын таза орындар қымбат, ал, халық көп суға шомылатын жерлердің жағымсыз иісі бар, суы лай, астында бөтелкенің әйнектері жатады. 25 жылдан астам осы өзенге түсіп келеміз. Сондықтан, үйріншікті демалатын жеріміз деп айтсақ болады.
Жекеменшік жағажайда демалуды әркімнің қалтасы қалтасы көтере бермейді. Ал тиым салынған жерде шомылғандары аздай, суға сырадан ұрттап түсетіндер де бар. Мұндайда демалуға ертіп келген балалары да жайына қалады.
Айдос Мырзағалиев, Медеу аудандық төтенше жағдай бөлімінің бас маманы:
- Рұқсат етілмеген жерлерде әкімшілік кодекстің 364 бабына сәйкес айыппұл салынып жатыр. Егер ол бірінші рет шомылған жағдайда, онда оған ескерту салынады. Жылына екі рет шомылған болса, онда айыппұл салынады.
Қазіргі таңда қалада шомылуға рұқсат етілген төрт орын жұмыс істеуде. Олардың барлығы құтқарушылардың бақылауында. Сондықтан мамандар тұрғындарды бастарын қауіп-қатерге тікпеуге шақырады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!