Алматы облысында қара суға зар болғандар тас жолды жауып тастады
Алматы облысында қара суға зар болғандар Талғар тас жолын жауып тастады. Басқа амалымыз қалмады деген Бесағаш ауылының тұрғындары сәуір айынан бері тіршілік нәрінен тарыққандарын айтады. Ең сорақысы, ауыз су мәселесі 10 жылдан бері бесағаштықтардың бас ауруына айналыпты. Ал, ашуға мінген тұрғындарға аудан әкімі келіп басу айтуына тура келді.
Автор: Мақсат Мәлік
01.07.2019
- Су... су керек бізге?
Тағаты таусылған Бесағаш тұрғындары Талғар тас жолын жауып тастады. Базынасын арқалағандар сәуір айынан бері ауыз суға жарымағанын айтады. Ара-тұра сыздықтайтын тіршілік нәрі кейде ағуын тоқтатып, қара су қасқалдақтың қанына тең болады екен.
Нұржамал Күмісбаева, Бесағаш ауылының тұрғыны:
- Пенсионермін. 75-гі кемпірмін, үйде шай ішіп отыратын. Ал мен қаңғып жүрмін су іздеп. 3-ех километрах от Алматы живем. Это как, қарағым? Это как? Это уже ішімізге сыймайды. Балалар қазір каникулда. Балалар апамызға келеміз деп отыр. Келме деп отырмын. Су жоқ.
Жылбек Сембекұлы, Бесағаш ауылының тұрғыны:
- Бізде 1 куб/метрге 155 теңгеден төлейміз. 155 теңге деген баға жоқ басқа Қазақстанда. Бір куб метр үшін 155 теңге төлеп отырған суымызды да іше алмаймыз. Бермейді. Қалады, береді, қаламай ма, өшіріп тастайды.
Ал, су көзіне жауапты жекеменшік компания өкілдері ауылдың ауыз судан тарыққанын жасырмады. Бірақ, олар кеберзіген ерінге су тамызудың орнына, тұрғындардың ахуалын маусымдық мәселеге балайтын секілді.
Нұрлан Әшірханұлы, «Тасқұм-су» ЖШС атқарушы директоры:
- Жаз мезгіліне байланысты халық көп су тұтынады. Бізде екі насос бар. Төменгі және жоғары жақтағы. Сол насосқа су качаеттап үлгере алмай жатыр.
Алайда, 10 жылдан астам қара судың зардабын тартқан Бесағаш тұрғындарының талабы басқа.
Жылбек Сембекұлы, Бесағаш ауылының тұрғыны:
- Ол неге стратегиялық нысан ретінде мемлекеттің меншігінде емес? Неге әкімшілікке қарамайды? Бізге жағдай жасай алмай ма, 21 ғасырда Алматының іргесінде тұрып бізге су бере алмай ма, онда мемлекетке, әкімдікке берсін.
Ашулы топтың арынын басуға орынбасарын жіберген аудан әкімі ақырында төбе көрсетті. Тұрғындар әдетте қолға түспейтін аудан басшысын көре сала сан сұрақтың астына алды.
Аудан әкімінің айтуынша, суға жауапты мекеме электр жарығына 10 миллион теңге қарызданыпты. Қазір бұл мәселе реттелді деген шенеунік, компания тарапымен келісім жасалуда дейді.
Рыскелді Сәтбаев, Талғар ауданының әкімі:
- «Тасқұммен» келісім жасап жатырмыз. Бізге балансқа беріп, балансқа алғаннан кейін біздің водоканалымыз бар Талғардың. Соның балансына беріп. Соған бір жүйеге беріліп, содан кейін ремонт жасап, барлық ауылдың жағдайын шешу үшін бюджеттік өтінім жасаймыз.
Халықтың мұң-зарын тыңдаған аудан әкімі апта соңында мәселе шешіліп, әр үйге су жіберілетінін айтады. Ал, аптап ыстықта қаталаған бақандай 1600 отбасы атқамінерлерге ақырға мүмкіндік беріп отыр. Егер әкім уәдесінен тайқыса, тағы да жолды жабамыз дейді тұрғындар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!