«Теңіз» кен орнындағы жағдайға байланысты шетелдік компания басшылығы кешірім сұрады
Атырау облысындағы «Теңіз» кен орнындағы вахталық елдімекенде болған жағдайға байланысты шетелдік компания басшылығы қазақстандықтардан кешірім сұрады. СиСиЕйПи компаниясының бас директоры Кауаш Хишам әлеуметтік желі арқылы қарауындағы қызметкер Эли Даудтың іс-әрекеті компанияның ұстанатын саясаты мен әдеп нормаларына сай келмейтіндігін, сол себепті де онымен арадағы еңбек келісім-шарты бұзылғанын мәлімдеді.
Автор: Жанар Низамутдинова
01.07.2019
Кен орнындағы жағдайдан кейін Қазақстанға арнайы келген ССЕР компаниясының бас директоры Кауаш Хишамның айтуынша, компанияның ішінде де қазір тексеру жұмыстары жүріп жатқан көрінеді.
Кауаш Хишам, «Consolidated Contracting Engineering & Procurement S.A.L. Offshore компаниясының бас директоры:
- Мұндай әрекеттер біздің компаниямыздың беделіне нұқсан келтіргенін түсінеміз. Және бауырлас қазақ халқынан кешірім сұраймыз. Мен өзім жағдайды естіген бойда, Атырауға ұшып келдім. Эли Даудтың осы әрекеті қазақстандықтардың ар-намысына тиген болса, олардың алдында қолымды жүрегіме қойып тұрып кешірім сұраймын.
Теңіздегі бір күнгі толқудан кейін әлеуметтік желі бетіне түрлі ақпарат тараған еді. Солардың бірі – 8000 адам жұмыс істейтін СиСиЕйПи компаниясымен келісім-шарт бұзылып, шетелдіктердің жаппай елдеріне қайтарылып жатқандығы туралы болды. Бірақ, «ТеңізШеврОйл» мұны жоққа шығарып отыр.
Рзабек Артығалиев, «ТШО» ЖШС Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері:
- ССЕР компаниясы мен ТШО-ның арасындағы келісім-шарт бұзылды деген ақпарат мүлде шындыққа жанаспайды. Зауытта жұмыс жүріп жатыр. Тек 3ДЖИПИ аумағындағы жұмыстардың тоқтағандығы рас. Бірақ, оны да қайта қосуға жұмыстанып жатырмыз. Және 700-800 адам елдеріне жіберілді деген ақпарат та шындыққа жанаспайды.
Облыс орталығынан 340 шақырым жердегі «Теңіз» кенішінде сенбі күні болған шетелдік және қазақстандық жұмысшылар арасындағы төбелесте 30 адам зардап шеккен. Кісі өлімі жоқ. Жарақат алғандар Атырауда ем алып жатыр. Ведомствоаралық комиссия құрылып, екі тараптағы еңбек жағдайларын реттеу мәселелерімен айналысуда. Қазіргі таңда «Теңіздегі» жағдай бірқалыпты. Бірақ, осы оқиғаға қатысы барларды анықтау мақсатында «Бұзақылық» бабымен қылмыстық іс қозғалыпты. Полиция әлеуметтік желідегі алып-қашпа әңгімеге сенбеуге шақырды.
Назымгүл Қайсағалиева, Атырау облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Көңіл аударатын бір мәселе – бұл ватсап желісінен тарап жатқан түрлі ақпараттар, қауесеттерге халықты сенбеуге шақырамыз. Өйткені, соңғы күні Теңіз қалашығында жезөкшелікпен арнайы орындардың пайда болғандығы жөнінде ватсап ақпарат тарады. Біз мұндай жағдайларды көрген жағдайда таратпауға шақырамыз.
Еске сала кетейік, вахталық елдімекендегі 29-шы маусым күнгі қақтығысқа ССЕР компаниясының Ели Дауд есімді қызметкері мен қазақ қызының бірге түскен мына суреті себеп болған еді. Бұл жергілікті жігіттердің ашу-ызасын тудырған. Олар ертеңіне сол жердегі шетелдік жұмысшыларды бас-көзге қарамай ұрып, экспаттар бас сауғалауға мәжбүр болған еді. Бірақ, сурет тек сеп болған секілді. Өйткені, ресми ақпарат бойынша, жанжалдың шығуына еңбек жағдайының әртүрлі болуы себеп болған. Айта кетейік, елімізге өткен жылы келген ССЕР компаниясында қазір 8000 адам жұмыс істейді, олардың 600-ге жуығы шетелдік маман.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!