Рецептсіз дәрі сатпау төңірегіндегі дау толастар емес
Рецепт болмаса дәрі сатылмайды. Бұдан былай дәрі-дәрмек сатып алу үшін учаскелік дәрігердің нұсқаулығы қажет. Науқасқа жазылған рецепт дәріханада 3 жылға дейін сақталады. Денсаулық сақтау министрлігінің талабына қатысты халық пен фармацевтердің пікірі қандай?
Автор: Әсем Қабылбек
02.07.2019
Ярослав Гейман 10 жылға жуық учаскелік дәрігердің бақылауында. Екінші топтағы мүгедек. Бүйрегінің созылмалы ауруына байланысты мемлекеттен тегін дәріні алады. Ем-домды тоқтатпауы қажет.
Яросслав Гейман, Алматы қаласының тұрғыны:
- Ай сайын емдеуші дәрігерге барып рецепт жаздырам. Онсыз дәріханалар маған ештеңе бермейді. 1 қорапта қанша дәрі болатынын алдын-ала есептейміз. Күн сайын бір рет дәрі ішемін.
Бүгінде қарапайым халық бактерияға қарсы антибиотиктерді жиі қолданады. Препарат химиялық зат болып есептеледі. Дәрігердің бақылауынсыз өздігінен емделетіндерге тосқауыл болмай тұр. Фармацевттер заң талабын қолдайды. Тек жіті бақылау болса дейді.
Қайрат Әубәкіров, дәріхана иесі:
- Еліміздегі 7 мың 792 дәрілік препараттың 80 пайыздан астамы тек рецепт бойынша сатылады. Аталған ереже бұрыннан бар. Бұл 2015 жылы шыққан 373 бұйрықтың талабы. Биыл тек осыған қатысты бақылау күшейтіліп отыр.
Бұйрықты ескермей, рецептсіз препарат сататын дәріхана иелері жазаланады. Айыппұл көлемі 100 мың мен 1 млн теңгенің аралығында. Одан өзге дәріхана лицензиясынан айырылуы мүмкін. Ал, Мәжіліс депутаты Жанат Омарбекова жедел жәрдем бригадасына рецепт жазып беруге рұқсат етуді ұсынып отыр. Кейде науқастың жағдайына байланысты шұғыл шешім қабылдау қажет.
Жанат Омарбекова, Мәжіліс депутаты:
- Жедел жәрдем бригадасына рецепт жазып беруге рұқсат етуді сұраймы және олар учаскелік дәрігерге бұл жайтты хабарласа деген ұсынысым бар. Себебі, емханадағы жағдай белгілі. Науқас адам дәрігерден рұқсат алу үшін сағаттап кезекте тұрады.
Тұрғындардың жартысы емханаларға барып рецепт алу тиімсіз десе, өзгесі бастаманы қолдайды.
- Балаларға арналған іштің дезинфекциялық дәрілерін алу үшін өте қолайсыз.
- Дәрі деген ойнайтын нәрсе емес. Адамның өз денсаулығына, организміне қатысты ішілетін дәрілер. Оның бәрін рецеппен алған жақсы.
Денсаулық сақтау министрлігі препараттарды сатуға бақылауды күшейтіп, өз бетімен емделетіндерге қарсы күреспек. Қазақстанда микробқа қарсы, гормоналдық препараттар, құрамында есірткі және психотроптық заттары бар, жүрек-қан тамыр ауруларын емдеуге арналған дәрілік заттар рецепт бойынша сатылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!