Тұрмысы төмен отбасынан шыққан балалардың грантқа түсу мүмкіндігі молайды
Тұрмысы төмен отбасынан шыққан талапкерлерге берілетін гранттар тамыздың 5-і мен 10-ы аралығында сарапқа салынады. Бүгін Білім министрі аз қамтылған және көпбалалы жанұядан шыққан түлектерге 5 мың гранттың қалай үлестірілетінін айтып берді.
Автор: Досжан Маратұлы
02.07.2019
Асхат Аймағамбетов, Білім және ғылым министрі:
- Осы грантқа ие болу үшін үміткерлер алдымен, 21-31 шілде аралығында өтетін негізгі республикалық конкурсқа қатысып, бағын сынайды. Егер осы жалпы конкурс бойынша көпбалалы және аз қамтылған отбасының түлектері грантқа ие бола алмаса, көмек ретінде бөлінген 5 мың грантқа үміт арта алады.
Дегенмен, осы 5 гранттың бірін иеленуі үшін түлектер ҰБТ-дан сүрінбей, кемі 50 балл жинауы керек. Сөйтіп, кейін жергілікті әкімдікке барып екінші конкурсқа қатысу үшін өтініш беруі керек. Ондағылар талапкердің әлеуметтік жағдайын тексереді. Егер түлек көпбалалы немесе атаулы әлеуметтік көмек алатын жанұяның ұл-қызы болса, тамыздың 5-і мен 10-ы аралығында өтетін екінші конкурсқа қатысады. Гранттар еңбек нарығына яғни, сұранысқа ие мамандықтарға сай бөлінбек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!