{metadescription}
Ақтауда 200-ден астам адам бір мезетте жұмыссыз қалды
Ақтауда 200-ден астам адам бір мезетте жұмыссыз қалды

Ақтауда 200-ден астам адам бір мезетте жұмыссыз қалды

Ақтауда қаланы тазалаумен айналысатын мекеменің 200-ден астам адамы бір мезетте жұмыссыз қалды. Себебі, қала тазалығын қамтамасыз ету жұмыстарымен енді басқа компания айналыспақ. Ал, осы уақытқа дейін бұлар еңбек еткен мекеме тек қана 70 адамды орнында қалдыруға қауқарлы. Ертеңгі күндерінің не боларын білмей, шақшадай басы шарадай болғандармен қала билігі кездесті.

Бүгін «Қала жолдары» мекемесі ғимаратының алдына жиналған мына жұмысшылардың әрқайсысы мекемеде бірнеше жылдан бері еңбек етіп келе жатқандар. Бірақ, бір мезетте жеп отырған нандарынан айрылды. Күні кеше басшылық ауысқанын естіп, естерінен танып қала жаздапты. Оларға сенсек, жаңа компанияда 300-ге жуық адамға орын жоқ.

Баян Балаханова, Ақтау қаласының тұрғыны:

- «Қала жолдарында» қалғымыз келеді. Бұрыннан істеп келе жатқан жеріміз ғой. Бәріміздің жағдайымызды жасап, айлығымызды уақытылы беріп отыр.

Ақмаңдай Елеусінова, Ақтау қаласының тұрғыны:

- Бүгін естіп отымыз жұмыссыз қалғанымызды. Бізге неге бір ай демей-ақ қояйын, 15 күн ішінде ескерту бермейді? Айлығымыз уақытында түспейтін болды. Осы директор келгелі біз құрыдық.

Тендерді ұтып алған жаңа компания жыл аяғына дейін 300 миллион теңгенің жұмысын атқармақ. Бірақ, бұл сома басқа шығындарды айтпағанда, осы уақытқа дейін жұмыс жасап келген 297 адамды штатта ұстауға жетпейтін көрінеді. Сондықтан, небары 70 жүргізуші жұмыстарын жалғастыра бермек.

Қайрат Хайрошев, «Қала жолдары» МҚК директоры:

- Қала жолдарын күтіп ұстау жұмысы бойынша өткен конкурстан ұтылып қалдық. Бұл енді бәрі заңның шеңберінде, заңның аясында. «РЭП» ЖШС мекемесі болашақта осы жұмыспен айналысатын болады. Бүгінгі таңда 297 адам жұмыс істейді. Оның 220 адамы «Рэпке» ауысады, қалған 70 адам өзіміздің мекемеде қалады.

Жұмысшылармен Ақтау қаласының әкімі де кездесті. Тендерді ұтып алған компания басшысы қала басшысының алдында жұмыстан босағандарды басқа жерге орналастыруға уәде етті. Оған сенсек, ешкім далада қалмайды.

Абай Қожабаев, «РЭП»ЖШС директоры:

- Мен де осы мекеменің бұрынғы қызметкерімін. 8 жыл жұмыс істедім. Осы адамдардың барлығын да жақсы танимын. Сондықтан олар істейтін жұмыс табылады деп ойлаймын.

Жаңа басшы тек жұмыс орындарын ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік төлемдерді де уақтылы аударуға уәде етті. Ал, ескі де жаңа қызметкерлерді жұмыспен қамту жуырда басталмақ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде