Алматыда той кортежінің жүргізушілері тәртіп сақшыларын қағып кетті
Олар қаланың қақ ортасында қаптаған камера мен полицияларды да пысқырмаған. Тіпті тосқауыл жасап, тоқтатуға тырысқан тәртіп сақшыларын қағып, машиналарын соққан. Абырой болғанда, полиция капитаны мен лейтенанты аман. Қазір ауруханада ем қабылдап жатыр.
Автор: Салтанат Шырынхан
03.07.2019
Мына бейнежазба полицейлердің кеудешесіне орнатылған таспаға түсіп қалған. Кешкі 8-дер шамасында той кортежі сапында серуенге шыққан «Тойота Камри-70» пен «Тойота Камри-30» және «Лада Приора» мінгендер Әл-Фараби даңғылында жол ережесін өрескел бұзып, көліктерінің мемлекеттік нөмірлерін де шешіп тастаған. Сондай-ақ, жол жүру куәліктерінің жоқтығына қарамастан, жоғары жылдамдықпен жүйткіген. Олар «Қыз ұзату» тойынан қайтып келе жатқан 21 мен 23 жас аралығындағы жастар болып шықты. Олар 4 бірдей жол ережесін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылмақ.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ПД ресми өкілі:
- Қылмыстық кодекстің 380-ші бабының 1 тармағы бойынша кем дегенде 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзімі көзделуде. Сонымен қатар барлық сол 3 автокөліктің жүргізушілеріне кем дегенде 4 бұзушылықтар үшін хаттамалар толтырылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!