{metadescription}
Арыста құрылыс жұмыстары қалай жүріп жатыр?
Арыста құрылыс жұмыстары қалай жүріп жатыр?

Арыста құрылыс жұмыстары қалай жүріп жатыр?

Арыста жарылыстан жапа шеккен үйлердің 136-сы жөнделіп бітті. Ал жалпы құрылыс жұмыстарына мың жарым адам жұмылдырылған. Бүкіл облыстардан көмекке келген өкілдіктер қаланың әр тұсынан штаб құрып, қызу тіршілігін бастап кеткен.

Қатарынан тұрған мына шатырлар ауыл ішіндегі ауыл секілді. Арысты 17 аумаққа бөліп алған 17 өңір қаланың әр түкпірінен осындай қосын тіккен.  Өзіндік бұйығы тіршілігі бар. Өзге аймақтардан келген мың жарым құрылысшының мекені осындай. Ас-ауқаттан кенде болмас үшін қап-қап картоп дайын тұр. Макарон, күріші және бар. Мына жерде таңертеңнен құрылысқа кеткен жұмысшыларға ас дайындалып жатыр. Аспаздар жұмысшыларға бүгінге сорпа дайындаған. Ашығып келетін жұмысшылар аз емес. Сондықтан үлкен асты бірнеше аспаз дайындайды.

Біз тұрған Арыс қалалық емханасының аумағы Жамбыл облысының штабына айналған. Облыстан келген 150-дей жұмысшыға қазір түскі ас беріліп жатыр. Оларға тұрмыс жайы түгел қарастырылған, сол үшін 10 шақты шатыр тігілген. Жатар орын, ішіп-жем бәрі бар. Қазір ішін өз көзімізбен көрейік.

Кереует-төсектер қаз-қатар тізілген. Оның бәрін әр облыс өздерімен бірге ала келген. Жасыл шатыр, бірыңғай кереует - кәдімгі әскери тәртіппен өмір сүріп жатқандай әсер қалдырады. Жұмыс та ауыр. Бір уақ үзілісте мызғып алмаса болмайды. Штабтың тіршілігі осы болса, бас кеңседе әрдайым қауырт жұмыс. Бұл жерде адам үзілмейді. Әр өңірдің қай секторды алғаны мына картада анық көрініп тұр. Құжат мәселесімен бас қатырып, әуре-сарсаңмен жүрген арыстықтар штаб кеңсесіне үзілмей келіп жатыр. Бірі үй-жайының болашағына алаңдаса, біріне 100 мың теңге әлеуметтік көмекті қалай алатыны маңызды.

Қыдырбай Төлендиев, Арыс қаласының тұрғыны:

- Өтініш, жеке куәлігім, мекенжайдың анықтамасы керек. Соның бәрін жинаймын. Соның жөн-жобасын білуге келдім.

Қызылорда облыстық штабы қаладағы балабақшалардың біріне орныққан. Екінші қабатындағы бос бөлмеден мекен тауыпты. Облыстан келген 70 жұмысшы осындағы 254 үйді жөндеумен айналысып жатыр. Қалайда тамызға дейін бітіру керек.

Мұхамедиса Әлсеріков, Қызылорда облыстық құрылыс басқармасының басшысы:

- Тұрғындар сарайларын, бөлмелерін босатып беріп жатыр. Мысалы, цехтың барлығын үйлердің ішіне қойдық. Өйткені, мына жерде негізгі штаб болғанымен, жұмысшылар басында тұрып істегені жақсы. Халықпен біргеміз.

Ал арыстық Ербол Божбанбаевтың үйі Маңғыстау облысының аумағына кіреді. Үйі деп айтатындай дәнеңесі қалмай, жарылып кетіпті. Енді оның орнын тазалап, жаңадан үй соқпақ. Құм-тастан бөлек, үй шатыры дайын. Қалған құрылыс материалдары жолда келе жатыр.

Ербол Божбанбаев, Арыс қаласының тұрғыны:

- Үйге снарядтар түскен ғой. Маңғыстау облысының әкімдігі осы үйді сүріп, там соғып беріп жатыр. Істеп жатыр, оларға көңілім толады.

Арысқа қажетті құрылыс жабдықтарының көбісі, әсіресе шатыр мен үй терезелері Шымкенттен әкелініп жатыр. Жалпы, соңғы мәлімет бойынша, Арыс қаласында жарылыс салдарынан жапа шеккен 6 мыңнан астам үй болса, соның бүгінде 136-сы жөнделіп біткен.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде