Тікелей эфир: Арыстағы жойқын жарылыстың алдын-ала себептері жарияланды
Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған және қызметіне салғырт қараған. Арыстағы жойқын жарылыстарға қатысты Бас әскери прокуратура алдын ала себептерін жариялады. Қазіргі уақытта мәселені жан-жақты тергеу үшін жүзден аса адамнан жауап алынған. Ал жарылғыш заттардан тазарту жұмыстарының қашан бітері белгісіз. Өйткені, саперлар қаланың төңірегі 20 шақырымға дейін тексеріп шығуы керек.
Автор: Ербол Тұрымбет
03.07.2019
Апат ауқымы өте үлкен болғандықтан мұндайда оқиғаның себеп салдары тез айтылмайтыны белгілі. Әйтсе де әскери бөлім басшылығы бар, жауапты адамдар мен куәгерлер бар, қазір соның бәрі сұралып, оқиғаның сұлбасы шығып келе жатқан сияқты.
Жалпы, осы дүлей жарылысқа қатысты қылмыстық істің қозғалғаны сол күні-ақ белгілі болған. Президент оны өзі тапсырған еді. Соған байланысты тергеу жұмыстарының мән-жайы, қалай жүргізіліп жатқаны енді ғана елге айтылып жатыр. Мәлімет аз болса да оқиғаға қатысты әрбір дерек маңызды.
Еркін Қожа-Ахмет, ҚР Бас әскери прокурорының аға көмекшісі:
- Осы күнге дейін 100-ден аса адамнан жауап алынған. Сонымен қатар қазіргі кезде оқиғаға мүмкін болатын барлық себептер, оның ішінде өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамау, лауазымды тұлғалардың салғырттығы және т. б. нұсқалары қарастырылып жатыр.
Сондай-ақ, оқ дәрілер сақталатын қоймалардың қауіпсіздігіне бөлінген бюджет қаражаты қаншалықты тиімді жұмсалды, жарылғыш заттардың өзі қоймада дұрыс сақталды ма деген сұрақтар да бүге-шүгесіне дейін анықталып жатыр. Өйткені, әскери қоймаларда снарядтарды сақтау тәртібі бұзылған болса, онда жауапты әскери қызметші соған неге немқұрайлық танытады? Бұл да күмән толы мәселеге айналып отыр. Қалай болған күнде жауапты тұлғалардың жаза алары анық. Әңгіме кім қандай мерзім арқалайды деген сөзге тіреліп тұрғандай.
Ермиян Биятов, ҚР Қорғаныс министрлігі «Оңтүстік» қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары:
- Қазіргі уақытта әскери тұлғалар жауапқа тартылып жатыр. Тергеу жұмыстары толығымен жүгізілуде. Әскери бөлім бастығы, оның орынбасарлары, басқа да басшылар - түгел сұрақтың астына алынды.
Ал қаланы қалыпқа келтіру, яғни жөндеу жұмыстарын жүрдім-бардым орындауға әсте болмайды. Сол үшін жөндеу жұмыстарын жүргізгенде қаланың біркелкі сәулеті сақталу керек екенін облыс әкімі өңір штабтарына өзі ескертіп жүр.
Мұрат Қадырбек, Арыс қаласының әкімі:
- 8867 үйдің қазір 7 мыңдайына актілер жасалды. Бұл сол үйлердің барлығына үй иелері келді деген сөз.
Ал саперлардың жұмысына келсек, олар ісін қашан бітірерін ешкім айта алмайды. Өйткені, жұмыс ауқымы өте үлкен. Қала аумағын тазартып біткеннен кейін маңайын тазалауға кіріседі. Реактивті снарядтардың 20 шақырымға дейін ұшатынын ескерсек, саперлар жақын арада Арыстан кетпейтін секілді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!